Бүгін Атырау облысындағы атышулы іске нүкте қойылды. Өңір басшысының бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Алайда сотталушының кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты, ҚК-тің 74 бабы 1 бөлігіне сәйкес, Б.Хаменованың жазасын өтеу уақыты 3 жылға кейінге шегерілді. Осылайша сот отырысы біткесін, бірден үйіне босатылды.
Мен бұл шешіммен келіспеймін. 11 ай бойы тар қапаста жатқанда да ақиқатты айтып, шындық сөйлеп, күрестім. Күресе де беремін. Аққа құдай жақ. Осы сәтті пайдалана отырып мен ши бөрідей шулаған тобырдың ғайбатына емес, шындықты айтып шырылдаған, дерек пен дәйекке сенген БАҚ өкілдеріне, журналистерге, блогерлерге, еліме, халқыма алғыс айтамын. Бәрібір шындық шығады. Соңына дейін күресеміз. Аппеляцияға береміз.Зорлық пен қорлықты көрсеткен адамдарға айтарым, адамның сотынан құтылсаңдар да, Алланың сотынан құтыла алмайсыңдар. Бүгін әділетсіздік пен қиянат салтанат құрған күн болды, – деді Бақытгүл Хаменова.
Осы іске қатысы бар облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев те 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Осыған дейін ол пара беруші мен пара алушының арасында тап-таза делдал болдым деп басын ала қашса, соңғы сот отырыстарында өзін «Антикор» өкілдері мәжбүрлегенін жайып салған болатын.
Ақылбек Рысқалиев кінәлі деп танылып, 7 жыл жазасын өтесін. Өмір бойы мемлекеттік қызметте, құқық қорғау саласында, Ұлттық банкте, қаржы мекемелерінде жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Осыған дейін «үйқамақта» отырған ол дереу қамауға алынсын, - деді судья.
Пара берді деп айыпталған «Балқыту» серіктестігінің директоры Ө.Адамовтың да кінәсі дәлелденіп, 4 жылға сотталды. Кешегі сот отырысында ол судьяға жаза берген күннің өзінде де, мүмкіндігі шектеулі балаларының болуына байланысты жұмыс істеу құқығынан айырмауды сұраған еді. Бұл азамат та сот залынан бірден изоляторға жөнелділді.
Айта кетейік, Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Б.Хаменова 2021 жылдың аяғында ұсталған еді. Оған Абай ескерткішін жасау және орнату кезінде 4,5 млн теңге пара алды деген айып тағылды.