Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бақылау, лицензиялар және тыйымдар: биржалық сауда туралы заң нені өзгертеді

Кеше, 07:50
388
Бөлісу:
 blog.bcs.ru
Фото: blog.bcs.ru

Қазақстандағы биржалық сауда жаңа ережелерге көшіп жатыр. 2024 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң тауар биржалары жүйесін іс жүзінде қайта іске қосты. Бұл өзгерістер сауда алаңдарының мәртебесінен бастап, саудаға қатысушыларға қойылатын талаптарға дейінгі барлық тетіктерді қамтиды. Толығырақ мәліметті ҚР Сауда және интеграция министрлігі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында түсіндірді.

Негізгі жаңалықтардың бірі – мемлекеттің формалды тәсілден бас тартып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін қатаң ережелер енгізуі. Көмір, қант және мұнай өнімдері енді жеке сегментке шығарылып, олармен сауда жасау тек арнайы іріктелген биржаларда ғана жүзеге асырылады. Ведомство бұл шешім баға тұрақтылығы мен аталған тауарлардың әлеуметтік тұрғыдан аса сезімтал болуымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Сонымен қатар биржалардың өзіне қойылатын бақылау күшейтілді. Олар шағын және микробизнес санатынан шығарылып, қаржылық тұрақтылық пен басқару талаптары қатаңдатылды. Яғни тауар биржалары енді жай ғана коммерциялық алаң емес, экономиканың маңызды инфрақұрылымдық элементі ретінде қарастырыла бастады.

Маңызды қадамдардың бірі – мемлекеттік сатып алуды биржалық тетіктер арқылы айналып өтуге тыйым салу. Бұл тәжірибе ұзақ уақыт бойы «сұр аймақ» ретінде қалып, рәсімдерді формалды түрде сақтау үшін пайдаланылып келген. Енді мұндай схемалар заң деңгейінде толықтай алынып тасталды.

Манипуляциямен күреске де ерекше назар аударылды. Заңда бот-технологияларды, өтінімдерді автоматты түрде жедел өңдеуді қолдануға тікелей тыйым салынған. Сондай-ақ биржалық саудадағы жосықсыз қатысушылардың тізілімі енгізілді. Бұл бағаның жасанды құбылуын азайтып, сауда нәтижесіне деген сенімді арттыруға тиіс.

Жүйелі өзгерістердің тағы бірі – 2026 жылдың қаңтарынан бастап брокерлер мен клирингтік орталықтарды лицензиялау. Қаржылық есеп айырысулар мен мәмілелер өтетін бұл қатысушылар енді қаржылық мониторинг субъектілеріне айналды. Нәтижесінде нарық кездейсоқ және техникалық делдалдардан тазарып келеді.

Практикалық трансформация қазірдің өзінде басталды. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап стандартталмаған тауарларды сатып алу тауар биржаларынан алынып, «E-Tizilim» ақпараттық жүйесіне көшірілді.

Бұл ең алдымен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына әсер етті. Аталған өзгеріс тауарларды жіктеуге қойылатын бірыңғай талаптарды енгізуге, жеткізу тізбектерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және өнімнің отандық шығу тегін есепке алуға мүмкіндік берді.

Өнеркәсіп үшін бұл сұраныстың болжамдылығын арттырып, өндірістік қуаттардың тұрақты жүктелуін қамтамасыз етеді.

Министрлікте биржалық сауданы одан әрі дамыту жұмыстары ведомствоның ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы