Ертең Қытайда ауқымды іс-шара – Қытай коммунистік партиясының ХХ съезі басталады. Қытайдың мемлекеттік құрылтайына 80-нен астам мемлекеттен 200-ден аса БАҚ өкілі қатысады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
13 қазанда ҚКП-ның ХХ съезінің медиа орталығы іске қосылған болатын. Онда 80-нен астам елдің 200-ден аса журналисі ақпарат тарататыны белгілі болды. Баспасөз өкілдеріне арналған орталық Бейжіңдегі екі қонақүйде орналасқан. Мұнда журналистердің сұхбат алуына және басқа да қызметтік жұмысын атқаруына барлық жағдай жасалған. Құрылтайда журналистер съездің күн тәртібіндегі кейбір маңызды іс-шараларға қатысып, баспасөз конференцияларына қатыса алады. Сонымен қатар олар үшін Бейжіңге арнайы баспасөз турлары ұйымдастырылады - дейді Қытай астанасындағы әріптесіміз BAQ.KZ АА журналисі Гүлжан Раманқұлова.
Еске сала кетейік, Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысып жатқан Еуразия аймағының (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б.), Араб, Африка, Латын Америкасы елдерінің БАҚ өкілдері де бір апталық съезд жұмысына атсалысады.