Елордада өтіп жатқан Astana Media Week 2025 алаңында BAQ.KZ тілшісі Анеля Өсерхан мен "Qazcontent" АҚ SЕО маманы Аршат Ораз журналистерге арнап шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шеберлік сабағы "ЖИ дәуірінде ақпарат көздерімен қалай жұмыс істеу керек?" атты тақырыпта өтті. Жиынға интернет-басылымдардың журналистері мен барлық ниет білдірген медиа өкілдері қатысты. Іс-шарада сайтымыздың тілшісі шеберлік сағатына қатысушыларға теориялық білімімен қоса, тәжірибелік кеңестерімен де бөлісті.
Анеля Өсерхан шеберлік сабағында жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар медианың болмысын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар білікті журналист өзінің тәжірибесінен мысалдар келтіріп, қаламдастарына жасанды интеллект өмірімізге біртіндеп еніп жатқан заманда ақпарат көздерімен жұмыс істеудің тиімділігін көрсетті.
Мен сіздерге журналистикада жұмыс істеуге, яғни бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін құралдар туралы айтқым келеді. Жасанды интеллект бізге не үшін керек? Әсіресе ChatGPT туралы айтқанда, жеке тренингтерде адамдардың бірінші сұрағы: "Оны қалай қолданамыз? Ол ғой бәрін ойдан шығарып, қателеседі, галлюцинация жасайды". Мен былай жауап беремін: ChatGPT – бұл құрал. Егер роботпен жұмыс істей білсең, нәтиже береді, - деп атап өтті Анеля Өсерхан.
Сондай-ақ спикер жасанды интеллект құралдарын мәтін, фото, видео әзірлеу кезінде қолданудың артықшылықтарына да тоқталды.
"Qazcontent" АҚ SЕО маманы Аршат Ораз да жиында жасанды интеллектпен жұмыс істеудегі жеке тәжірибесінен кеңестерін ортаға салды. Тәжірибелі маман цифрландыру технологияларын қолданудың артықшылықтары мен ескеретін жайттарды да алға тартты.
Еске салайық, Орталық Азиядағы ең ірі медиафорумдардың бірі саналатын Astana Media Week биыл тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Жиын бүгінде аймақ журналистерінің кәсіби тәжірибе алмасатын басты алаңына айналған.
Биыл форумға Түркия, Еуропа, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген медиа мамандар да қатысуда. Үш күнге жалғасатын медиа жиын аясында 8 панельдік сессия, 7 шеберлік сағаты жоспарланған.