BAQ liga журналистер лигасының XIII маусымы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Чемпионаттың соңғы матчына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысты.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау өте маңызды. Бұл ретте, BAQ liga барша БАҚ өкілдерін ортақ мүддеге жұмылдырып, жарыстыратын, таныстырып, табыстыратын, бірлігін бекемдейтін пайдалы орта деп білеміз. Ақпарат алаңында ғана емес, ала доп додасында жасындай жарқылдап жүрген қаншама әріптестеріміз бар. Мұнда алаштың арда азаматы, белгілі спорт коментаторы Амангелді Сейітхан да өмірінің соңғы күндеріне дейін футбол ойнағаны белгілі, - деді ол.
Министр жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Журналистер лигасына кезінде біз де қатысып, қатарларыңыздан табылған едік. "Егемен Қазақстандағы" әріптестермен бірге жасыл алаңда таласып талай доп тептік. Сондықтан Бақлигадағы қызығы мол әсерлі сәттер әлі есімізде. Бұл ретте тілшілер тепкен теңбіл доп додасының өтуіне ұйытқы болып жүрген ұйымдастырушыларға ризашылық білдіремін. Тек шағын футболмен шектеліп қалмай, журналистер қауымы волейбол бәсекесінде жарысып жүр. Бақ өкілдері арасында алтынкөпір болып жүрген мұндай бастамалар жалғаса беруіне тілектеспін, - деді министр.
Айта кетейік, BAQ liga-ның 13-маусымында “Қазмедиа” командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі 2-орынды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің командасы алса, 3-орынға Metaratings.kz жігіттері ие болды!
Сонымен қатар В лигасында Qaz364.kz командасы чемпион атанды. Ал “Хабар 24” ұжымы күміс, "Monkey Media" командасы қола медаль жеңіп алды.