BAQ.KZ тілшісі жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған конкурста үздік атанды

2 Желтоқсан 2021, 16:00
2407
Бөлісу:
BAQ.KZ тілшісі жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған конкурста үздік атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Нұр-Сұлтанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріндегі ҮЕҰ рөлі» форумы өтті.

Іс-шара аясында БАҚ арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін үздік журналистік жұмыстар туралы конкурстың қорытындысы шығарылды.

2021 жылғы 1 қарашадан бастап бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында Нұр-Сұлтан қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері, азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін көтеру, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыратыруға бағытталған ең үздік журналистік жұмысты анықтау мақсатында байқау жарияланды.

Байқауға Нұр-Сұлтан қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мәселелерін жариялайтын журналистер қатысуға мүмкіндік алды. Бұл ретте осы жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі кезеңде жарияланған материалдар, оның ішінде бағдарламалар, деректі фильмдер, студиялық жазбалар, мақалалар, сұхбаттар қабылданды.

Өтінімдерді арнайы құрылған комиссия қарады, оның құрамына мемлекеттік органдардың, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері кірді.

Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша анықталды.

«Үздік репортаж» номинациясын Дарын Сағитов, («Qazaqstan» ҰТРК), «Ақпарат порталдарындағы үздік жарияланым» аталымын Гүлжан Раманқұлова, («Baq.kz»), «Баспа басылымдарындағы үздік аналитикалық материал» номинациясын Төлен Тілеубай, («Астана ақшамы» газеті) жеңіп алды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес - ел стратегиясының маңызды бағыттарының бірі. Сала бойынша атқарылып жатқан істерді неғұрлым көбірек жарияласақ, насихаттасақ, жемқорлыққа қарсы қоғамның мәдениеті қалыптасады деген ойдаймын. Сондықтан бұл іске кішкентай болса да, өз үлесімді қосқаным үшін қуаныштымын, - деді Гүлжан Раманқұлова.

Бұдан бөлек ынталандыру сыйлығы 50 000 теңгеге техника алуға арналған сертификаттар Жадыра Мүслім («Айқын» газеті), Тимур Қазағұлов («Хабар» ТРК), Абылайхан Жұмашев, («Айқын») марапатталды.
Жеңімпаздарға 250 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат және диплом табысталады.

Сонымен қатар, форум аясында Нұр-Сұлтан қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға үлес қосқан белсенді азаматтар, ҮЕҰ және мемлекеттік органдардың өкілдері марапатталды.

 

Өзгелердің жаңалығы