АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Гренландияны басып алуды емес, оны сатып алуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Wall Street Journal (WSJ) басылымының америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлауынша, Рубио Венесуэладағы жағдайға қатысты брифинг барысында Конгресс мүшелерін АҚШ-тың Гренландияға қатысты жоспарларынан хабардар еткен. Стивен Миллерді қоса алғанда, жоғары лауазымды тұлғалардың «қатаң мәлімдемелерінен» кейін заң шығарушылар тарапынан Гренландия жөнінде қойылған сұраққа жауап берген Рубио Трамптың Гренландияны сатып алуға ұмтылып отырғанын айтқан.
Рубионың сөзінше, шенеуніктердің Гренландия туралы мәлімдемелері ықтимал басып кіруді білдірмейді, басты мақсат — аралды Даниядан сатып алу.
Алайда бұған дейін Ақ үй Трамп әкімшілігі Гренландияны бақылауға алу үшін түрлі нұсқаларды, оның ішінде АҚШ әскерін пайдалану мүмкіндігін де қарастырып жатқанын мәлімдеген болатын.
Трамп 5 қаңтарда АҚШ ұлттық қауіпсіздік мүддесіне байланысты, әсіресе Ресей мен Қытайға қарсы тұру үшін Гренландияны бақылауына алуы тиіс екенін айтқан.
Трамптың Гренландия туралы мәлімдемелері
Президент Трамп Гренландия АҚШ бақылауында болуы керек екенін бірнеше рет атап, аралды иелену мен бақылауды «абсолютті қажеттілік» деп атаған.
Оның айтуынша, Гренландияға америкалық бақылау орнату еркін әлемді қорғау үшін қажет. Бұл мәлімдемелер Гренландияның және өзге де тараптардың қарсылығын туғызды.
Гренландия — гренландиялықтардың меншігі. Біз сатылмаймыз және ешқашан сатылмаймыз. Біз еркіндік жолындағы ұзақ күресімізден бас тартпаймыз, — деп мәлімдеді Гренландияның бұрынғы премьер-министрі Муте Боуруп Эгеде.