Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде азаматтардың депозиттеріндегі жинақтары ескерілсе, бұл халықтың банктердегі салымдарының азаюына әкеле ме? Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай өзгерістің депозит нарығына айтарлықтай әсер етеді деп ойламайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің АӘК тағайындау кезінде азаматтардың депозиттеріндегі қаражатты да ескеру жөніндегі бастамасы депозит нарығына ықпал етуі мүмкін бе деп сұрады. Атап айтқанда, қазақстандықтар әлеуметтік көмектен қағылмау үшін жинақтарын банктерден шешіп алуы мүмкін деген қауіп айтылды.
Тимур Сүлейменовтің пікірінше, халықтың басым бөлігі күнкөрісін жалақысы, кәсібі және өз еңбегі арқылы қамтамасыз етуге ұмтылады. Ал мемлекеттік әлеуметтік көмекке өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың белгілі бір санаты жүгінеді.
Менің ойымша, қазақстандықтардың барлығы әлеуметтік көмек алуды ғана ойлап жүреді деу дұрыс емес. Азаматтардың басым бөлігі жалақысына, кәсібіне және өз еңбегіне сүйенеді. Әрине, өмірлік жағдайларға байланысты мемлекет көмегіне мұқтаж азаматтар бар. Оларға қолдау көрсету – қалыпты әрі дұрыс нәрсе, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, әлеуметтік көмекке жүгінетін азаматтардың едәуір бөлігінде ірі депозиттік жинақтар болмауы мүмкін. Сондықтан бұл бастама салдарынан банктердегі салымдар жаппай азаяды деп есептеуге негіз жоқ.
Егер азаматтардың депозиттерінде елеулі жинақтары болса, олар мемлекеттік көмекке жүгінбеуі де мүмкін. Сондықтан бұл өзгеріс депозит нарығына айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Бұған алаңдаудың қажеті жоқ, – деді Сүлейменов.
Заңнамалық өзгерістер әлі нақтылануы керек
Журналистер депозиттерден бөлек, «Келешек» жинақтарының жаңа тәртіпке кіретін-кірмейтінін де сұрады. Алайда Ұлттық банк төрағасы бұл мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен нақтылау қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, тиісті заңнамалық өзгерістер сол кезде әлі түпкілікті бекітілмеген. Өзгерістер күшіне енгеннен кейін оларды іске асыру тәртібін, әдістемесін және басқа да егжей-тегжейін айқындайтын нормативтік актілер әзірленуі керек.
Сүлейменовтің түсіндіруінше, заңнамалық өзгерістердің 1 қаңтардан бастап күшіне енуі жоспарланған, ал одан кейін қосымша нормативтік құжаттарды әзірлеуге шамамен екі ай қажет болуы мүмкін.
Сондықтан депозиттер мен өзге де жинақтардың АӘК тағайындау кезінде қалай ескерілетініне қатысты нақты талаптар кейінірек белгілі болады.
Ұлттық банк төрағасы жаңа тәртіптің депозит нарығына ықпалына қатысты айтарлықтай қауіп көрмейтінін айтты.