Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мәселесі туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ведомство басшысының айтуынша, Астанада статистика бойынша азаматтардың басым бөлігі соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінім берді.
Астана қаласы бойынша 7 495 өтініш түсті, оның ішінде 1 347 жеке тұлғаға қатысты рәсім аяқталды. Яғни, оларға «банкрот» мәртебесі беріліп, берешек есептен шығарылды. 5 268 өтініш бойынша бас тартылды, 180 өтінішті азаматтардың өздері кері қайтарып алды, 700 өтініш бүгінгі таңда қаралуда, – дейді Исабек Зауытбекұлы.
Айта кетейік, 2024 жылы 19 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылған. Бұл түзетулер 2024 жылдың 25 тамызынан бастап күшіне енді.
Ведомство өкілінің мәліметінше, көрсетілген Заң «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңына түзетулер енгізуді көздейді.