Кәсіпкерлер үшін банкроттық ең дұрыс жол емес – Нығматулин

29 Мамыр 2019, 11:42
2243
Бөлісу:
Кәсіпкерлер үшін банкроттық ең дұрыс жол емес – Нығматулин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру туралы заң жобасы елдегі бизнес жағдайды жақсартуы қажет. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

Отырыс барысында депутаттар аталған жаңа заң жобасы бойынша бірқатар мәселе көтеріп, сұрақтар қойды. Мәселен, «жалған банкроттық» бойынша кредиторларға мүліктік шығын келтірілетіні айтылды. 

Нұрлан Нығматулиннің ойынша, бұл түзетулер еліміздегі бизнес жүргізу негіздеріне қауіп төндіреді. Қазіргі заңға сәйкес АҚ-ы мен ЖШС өкілдері несие берушілер алдында жауапты. Осындай құқықтық байланыс кәсіпкерлердің бизнесті дамыту жолында инвестиция салуына мүмкіндік береді.  

«Егер сіз ұсынған заң нормасын қабылдайтын болсақ, әркім бизнеспен айналысуға қорқатын болады. Яғни, онда о баста барлық мүлікті жоғалтып алуым мүмкін деген тәуекел тұрады», - деді Нығматулин ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловқа.

Жаңа заң жобасын талқылау нәтижесінде екінші оқылымға дейін түзетулерді жетілдіру тапсырылды.

Бұған дейін ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулардың негізгі аспектілерімен таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы