Қазақстанда банктердің қызметін реттейтін жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, заң қаржылық тұрақтылықты күшейтіп, бәсекелестікті арттыруға және халыққа ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Экономист Айбар Олжай “15 минуттық экономикалық шолу” жобасында банктер туралы жаңа заң ең алдымен банктердің қызметін реттеуге бағытталған.
Заң жобасы тоғыз бөлімнен, жиырма үш тараудан және 135 баптан тұрады. Сонымен қатар, заң жеті кодекске және 35 заңға түзетулер енгізеді.
Басты жаңалықтар:
1. Банк қызметін лицензиялау жеңілдетіледі: Енді екі түрлі лицензия болады – базалық және әмбебап. Базалық лицензия бойынша банктің минималды капиталы 20 миллиард теңге емес, 10 миллиард теңге болуы жеткілікті. Бұл микрокредиттік ұйымдардың банкке айналуына мүмкіндік береді.
Айбар Олжайдың айтуынша, “Банктер көп болған сайын бәсеке артып, сервис жақсарып, кредиттердің пайыздық мөлшері төмендеуі мүмкін”.
2. Цифрлық қаржылық активтер заңдастырылды: Заң Қазақстан аумағында криптовалюта мен басқа цифрлық активтердің айналымын реттейді. Үш түрлі цифрлық қаржылық актив енгізіледі. Оларды шығару, айналымға енгізу және өтеу тәртібі Ұлттық банк арқылы бақыланады.
3. Цифрлық теңге ресми бекітілді: Ұлттық валюта теңге болса, енді оның цифрлық нұсқасы да – “цифрлық теңге” айналымға енгізіледі.
4. Ислам банкингі: банктер өз лицензиясы шеңберінде исламдық банктік операцияларды жүзеге асыра алады. Енді жаңа банк ашудың қажеті жоқ, банктер өз құрылымында арнайы бөлім ашып, исламдық өнімдер ұсына алады.
5. Төлем қабілеті жоқ банктерді реттеу: Үш антикризистік режим енгізіледі: қатаңдатылған қадағалау, қаржылық тұрақтылықты қалпына келтіру және төлемге қабілетсіз банктерді реттеу. Банк банкрот болған жағдайда, мемлекет өз ақшасына құтқармайды. Жүйе құраушы банктер арнайы қор арқылы қолдау көрсетеді. Банк тұрақтылыққа жеткен соң жаңа инвесторға сатылып, жұмсалған қаражат қайтарылады.
Айбар Олжай атап өткендей, бұл өзгерістер банктерді дамытуға, қаржы нарығына тұрақтылық енгізуге және бәсекелестікті арттыруға бағытталған. Халық үшін де артық уайымсыз депозитті сақтауға мүмкіндік, кредиттер арзандау мүмкіндігі пайда болады.