Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев азаматтардың несие жүктемесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, қаржылық сауаттылықты арттыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бөліп төлеу (рассрочка) арқылы бірнеше тауар алу кей жағдайда азаматтарға қиындық туғызып, төлем мерзімін өткізіп алу жағдайлары жиілеп отыр.
Қазіргі таңда статистикаға сүйенсек, шамамен 1 миллионнан 1 миллион 100 мыңға дейін адамның несиесін өтей алмау қаупі бар, – деді ол.
Сонымен қатар, Дәулет Мұқаев соңғы бір жыл ішінде 80 мыңға жуық азаматтың есепшотындағы шектеулерді алып тастауға көмектескенін, оның ішінде банкроттық рәсімдеріне қолдау көрсетілгенін атап өтті.
Оның пікірінше, негізгі мәселе – қаржылық сауаттылықтың төмендігі, әсіресе қазақтілді аудитория арасында бұл проблема айқын байқалады.
Көп азаматтар несие аларда нақты қажеттілікті есептемейді. Мысалы, 500 мың теңге керек болса да, банк қанша мақұлдаса, соның бәрін алуға тырысады. “Қалай да төлеймін” деген түсінік қалыптасқан, – деді депутат.
Осыған байланысты ол несиені тек нақты қажеттілік үшін және болашақта пайда әкелетін жағдайда ғана алу керектігін атап өтті.
Сондай-ақ депутат несиеге ең жиі алынатын тауарлар туралы деректерді келтірді. Оның айтуынша, бірінші орында – смартфондар, соның ішінде iPhone, екінші орында – тоңазытқыш, ал үшінші орында – теледидар тұр.
Дәулет Мұқаев жастар арасында да бұл үрдіс кең таралғанын айтты. Оның сөзінше, студенттердің бір бөлігі қымбат смартфондарды бөліп төлеу арқылы сатып алады.
Жастармен жиі кездесемін, университеттерде лекция оқимын. Көпшілігінің қолында iPhone бар. Әрине, кейбіріне ата-анасы алып береді, бірақ арасында бөліп төлеуге алғандары да бар, – деді ол.
Бұған дейін Дәулет Мұқаев қаржылық сауат пен қарызсыз қоғам жобасының тиімділігі туралы айтып, адам алдымен өз ақшасын есептеуді үйренуі керек екенін еске салды.