Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайда картасына банктен 416 млн теңге түскен азамат 7 жылға сотталып кетті.
Қостанай қаласының тұрғыны банк жүйесінің істен шыққанын пайдаланып, өзіне түскен 416 млн теңгені меншіктеп алмақшы болыпты.
Kursiv.kz сайтының мәліметінше, ақшаны қайтармаған ол көп ұзамай ұсталған.
Оқиға былай болған: 55 жастағы кәсіпкер тауар сатып алу үшін досының картасын сұрап алып, соған 500 мың теңге салған. Тауардың ақысы төленген соң әлгі картаға тура сол сомадағы ақша түсіпті. Банк жүйесі істен шығып, қателікпен екі күн ішінде кәсіпкердің қолындағы картаға 416 млн теңгеден астам қаражат аударылған.
Ол ақшаны білдірмей шығарып алу үшін достары мен таныстарына жібере бастайды. «Менің картам істемей қалды» деген ол, әлгілер қайта жіберген ақшаны өзіне алып отырған.
Жедел-іздестіру нәтижесінде қалалық ПБ жедел уәкілдері күдіктіні қолға түсірген. Сот үкімімен ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды.