Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Банк картасын біреуге бергендер қандай жазаға тартылады?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
29 Қыркүйек 2025, 16:41
1087
Бөлісу:
 Ерболат Бекболат
Фото: Ерболат Бекболат

Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабековтың хабарлауынша, жыл басынан бері елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, екі колл-центр әшкереленіп, кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды, жедел-іздестіру шаралары барысында бес “симбокс” құрылғысы тәркіленіп, бірқатар қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Прокурор атап өткендей, елордада антифродтық орталық жүйесі бойынша жұмыс белсенді жүргізілуде.

Осы бағыттағы жылдың басынан бастап күдік тудыратын банктік операциялар бойынша 5 754 өтініш (сұрау) түзіліп, алушының банктік шоттарында ірі көлемде ақшалай қаражат уақытша бұғатталған. Бұғатталған қаражаттың бір бөлігі — шамамен 25 миллионнан астам теңге заңды иелеріне қайтарылған. Бұл атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана, - дейді прокурор.

Сонымен бірге прокуратураның мәліметінше, қылмыстық-процессуалдық заңнамаға енгізілген ұсынымдар аясында жәбірленушілердің кредиттерін уақытша тоқтату, дропперлерден негізсіз байлықты өндіру сияқты шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.

Заңдағы негізгі жаңалықтар қандай?

Прокурор түсіндіргендей, 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданып, кейіннен 2025 жылғы 16 қыркүйекте қолданысқа енген өзгерістер Қылмыстық кодекске жаңа — 232-1-бапты енгізді. Сол баптың диспозициясы бойынша қылмыстық жауапкершілік мына үш заңсыз әрекетті қамтиды:

  1. Пайдакүнемдік мақсатта бөтен тұлғаға банктік шотқа, банк картасына, төлем құралына немесе сәйкестендіру нөміріне қолжетімділік беру (яғни картаны, шотты немесе төлем құралын беру);
  2. Пайдакүнемдік мақсатта бөтен тұлғаның мүддесінде банктік аударымдар жасау;
  3. Мұндай аударымдарды жүзеге асыру мақсатында басқа адамның банк карталарына немесе төлем құралдарына қолжетімділікті алу.

Заңда бұл қылмыс формальды құрамы ретінде қарастырылады: көрсетілген әрекеттер жасалған жағдайда материалдық шығынның бар-жоғы ескерілмей қылмыстық жауапкершілік туындайды. Сонымен қатар ауырлататын мән-жайлар да айтылған: ірі және аса ірі көлемдер айқындалатын шектер — тиісінше 200 және 500 АЕК (786 400 теңге және 1 966 000 теңге) мөлшерінде белгіленеді.

Қылмыстық жазалар және жеңілдететін жағдайлар

Заңға сәйкес, осындай құқықбұзушылық үшін айыппұл, түзету жұмыстары немесе шартты мерзімге дейін қамауға алу сияқты жаза түрлері қарастырылған. Ең ауыр жағдайда — 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру не шектеу қолданылуы мүмкін.

Ауыр қылмысқа қатысы жоқ, алғаш рет жасаған және бұзушылықты өз еркімен мойындап, қылмысты ашуға және оның алдын алуға белсенді түрде көмектескен тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершіліктен босату институты да көзделген. Бұл — заңда арнайы ескерілген жеңілдететін жағдай, - дейді Нұрислам Балтабеков.

Прокурор үндеуі

Балтабеков қала тұрғындарына және қала қонақтарына ескерту жасады.

Банк картаңызды, шотыңызға немесе төлем құралдарыңызға қолжетімділікті ешкімге бермеңіз. Бөтен адамның мүддесі үшін банк төлемдерін жасаудан бас тартыңыз. Бұл амалдар сізді тек қылмыстық қудалау қаупіне ғана әкелмей, сонымен қатар алаяқтар жасаған қылмыстардың жасалуына негіз болуы мүмкін, - деп атап өтті прокурор.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға, күдік тудыратын операцияларды дереу хабарлауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы