Алматы, BAQ.KZ. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк төлем карталарын қай кезде бұғаттайтыны туралы мәлімдеді.
Агенттіктің мәліметінше, эмитент банк, егер төлем картасының иесі банктің менеджеріне оның жоғалғаны, ұрланғаны немесе рұқсатсыз пайдаланылғаны туралы хабарласа, «пластикті» ұстаушы төлем карточкасын беру туралы шартты орындамаса және тараптар арасындағы шартта көзделген, төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаты сақталмаса, төлем картасын бұғаттай алады.
Төлем карточкасын бұғаттау талаптары оны шығару туралы шартта келісіледі. Сондықтан шартқа қол қою алдында онымен мұқият танысып алу қажет. Заңнамада «карточка шоты» деген бөлек ұғым жоқ. Сондықтан төлем карточкасы оны ұстаушының банктік шотына қолжетімділік құралы болып табылады. Картаны бұғаттаған жағдайда клиентке банктік шот ол банкке өтініш жасаған кезде ашылады,-делінген хабарламада.
Сонымен қатар, «Төлемдер туралы» Заңның 27-бабына сәйкес клиенттің банктік шотына шектеу қойылуы мүмкін екені айтылады.
Шығыс операцияларын жүргізуге шектеу - уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың өкімдерінің негізінде (салықтар төлемеу; тергеу жұмыстарының жүргізілуі; алаяқтық операцияларға күдіктің болуы)және сот актілерінің, сот орындаушыларының прокурор санкциялаған қаулыларының негізінде қойылады. Оған қоса ҚР Қаржыминінің Қаржы мониторингі комитетінің терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілген ұйымдар және жеке тұлғалар туралы ақпаратының негізінде қойылуы мүмкін,-делінген хабарламада.