Банк арқылы жасалатын жаңа алаяқтық: Мәжіліс депутаты ескерту жасады

«Онлайн дүкен» арқылы рәсімделетін күмәнді төлемдерді білесіз бе?

 ©BAQ.KZ коллажы 17 Ақпан 2026, 09:15
17 Ақпан 2026, 09:15
918
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Соңғы 5-6 ай ішінде  жаңа қаржылық схема арқылы мыңдаған азаматтың қарызға батқаны туралы мәлімет тарады. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбеновтің айтуынша, бұл жолы әңгіме классикалық онлайн несие емес, «онлайн дүкен» арқылы рәсімделетін күмәнді төлемдер жайында болып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Депутаттың мәліметінше, небәрі 5–6 айдың ішінде 10 мыңнан астам адам осындай тетік арқылы 900 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін қарызға отырған. Яғни азаматтар нақты несие алдық деп ойламайды, алайда банк жүйесі арқылы жоғары пайызбен екі жылға дейін берешекке тіркеледі.

Бұл жағдайға байланысты депутат қаржы нарығын реттейтін уәкілетті органға ресми түрде хат жолданғанын айтты. Алайда мәселе әлі күнге дейін түбегейлі шешімін таппаған.

Схема қалай іске асады?

Алдымен азаматтарға белгілі бір «қызмет» ұсынылады (мысалы, оқу орталығында дайындық курстары). Төлем «онлайн дүкен» форматы арқылы рәсімделеді де қызмет көрсетушіге қаражат алдын ала аударылады. Ал тұтынушы банк алдында 1,5–2 жыл мерзімге бөліп төлеу міндеттемесіне кіреді.

Яғни бұл жерде нақты тауар берілмейді, кей жағдайда қызмет те көрсетілмейді. Бірақ жүйе оны «рассрочка» немесе бөліп төлеу ретінде рәсімдеп, азаматты ресми қарыз алушыға айналдырады.

5 мың адам бір схема бойынша алданған

Депутаттың айтуынша, дәл осындай механизм арқылы шамамен 5 мың адам зардап шеккен. Кейбір деректерге қарағанда, ата-аналар балаларын ҰБТ-ға дайындау үшін белгілі бір оқу орталығына тіркелеміз деп, 900 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі соманы «бөліп төлеу» шартымен рәсімдеген.

Алайда қызмет толық көрсетілмеген немесе мүлде орындалмаған жағдайлар бар. Соған қарамастан, банк алдындағы қарыз міндеттемесі сақталады.

Бұл жерде таза алаяқтық схемасы. Бір таңғалатыным беделді танымал Банк бұндай “күмәнді” пайда үшін миллиондаған тұтынушылардың сенімінен айырылуға барғаны, - дейді депутат.

Заң тұрғысынан мәселе неде?

Маман пікірінше, егер бұл шын мәнінде онлайн сауда форматы болса, онда тұтынушыға тауар немесе қызмет нақты көрсетілуі тиіс. Ал классикалық онлайн-дүкен тәжірибесінде сатып алушының 14 күн ішінде қайтару құқығы бар.

Депутат бұл тетікті «таза алаяқтық схема» деп бағалап отыр.

Мәселе қалай шешіледі?

Депутаттың мәлімдеуінше, бұл схеманы заңнамалық тұрғыда тоқтату жұмыстары басталған. 

Бұны да тоқтатамыз заңмен, бірақ уақыт кетеді 2-3 ай. Абайланыздар, - деп жазады Әбенов.

Наверх