ТЖД қызметкерлері балықшыны арашалап қалды

27 Қыркүйек 2019, 17:35
1986
Бөлісу:
ТЖД қызметкерлері балықшыны арашалап қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 26 қыркүйек күні таңертең Cолтүстік Қазақстан орталығына жақын Пестрое көлінде балық ауламақ болған 36 жасар Петропавл тұрғыны құтқарылды. 

СҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ жедел-құтқару жасағы баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері 25 адам ажал аузынан құтқарылған.

Сол күні департаменттің №2 «жауынгерлік» құтқару стансасында кезекшілік еткен Руслан Асқаров пен Алмас Жакиннің қырағылығы болмаса, балықшы суға батып, қаза болғандардың тізімін толтырар еді.

«Көлдің қарама-қарсы жағасынан көмек шақырған адамның дауысын ести сала, олар тез арада моторлы қайықты алып, бірнеше минутта оқиға орнына жетіп барды. Суық суда тоңып, әлі қалмай, резеңке қайықтың бортына әзер ілініп тұрған жігітті құтқарушылар бірден қайықпен бірге жағаға алып шығып, алғашқы көмек көрсетті. Жарты сағаттан кейін, жылынып, өз-өзіне келгеннен кейін, балықшы құтқарушыларға алғысын білдіріп, үйіне кетті. Оған медициналық көмек қажет болмады», - деп атап өтті құтқарушылар.

Айта кетейік, құтқарушылар мекемеде 3-4 жыл ғана жұмыс істейді. Дегенмен, білікті мамандардың арқасында бірнеше адам құтқарылған. Оның ішінде балалар да бар. 

Бүгінгі күнге дейін СҚО су айдындарында 25 адам суға кетті, оның 4-уі балалар. Соның ішінде 3 адам балық аулау кезінде қаза тапты.

СҚО ТЖ департаменті СҚО суайдындарында ауқымды алдын алу шараларын жүргізуде. Жыл басынан демалу мен балық аулауға арналған орындарда 1700 астам рейд өткізіліп, 26 мыңнан астам адамға жадынама таратылды.

Өзгелердің жаңалығы