Балқашта адам өліміне әкеп соққан аяусыз соққыға жығу оқиғасына қатысушы үш адам бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардың арасында кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Істің егжей-тегжейін Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қайғылы оқиға 2025 жылдың 22 желтоқсанына қараған түні болған. Төбелес кезінде үш жас жігіт жапа шегушінің басынан жұдырықпен және аяқпен бірнеше рет теуіп, соққыға жыққан.
Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Ол алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Сот соққыға жығу оқиғасын бір топ адам алдын ала сөз байласу арқылы жасағанын анықтады. Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің түсініктемелерімен, бейнежазбамен, сараптама нәтижелерімен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Прокурор кәмелетке толмаған сотталушыға 8 жыл, ал қалған екі сотталушыға 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тараптың өкілдері қылмысты адам өлтіру бабы бойынша ауырлатуды талап етті. Ал қорғаушы тарап, керісінше, сотталушыларды толықтай ақтауды сұрады.
Сот үшеуін де Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
Кәмелетке толмаған жасөспірім 8 жылға, ал төбелеске қатысқан қалған екі адамның әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың бірінің кәмелетке толмағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Бұдан бөлек, сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Моральдық зиянды өтеу ретінде 10 миллион теңге, сондай-ақ өкілдік шығындар ретінде 3,5 миллион теңге өндіріп алу туралы қаулы шығарылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте жанжал кезінде ер адамды пышақтап өлтірген әйелге үкім шықты.
Тағы оқи отырыңыз:
Теміртауда ата-анасын өлтірді деген күдікпен 20 жастағы жігіт қамауға алынды
Кездесуге шақырып, ұрлап әкеткен: Астанада жәбірленушілерді кредит алуға мәжбүрлегендер ұсталды
«Соңғы бірнеше айда қиын кезеңді бастан өткерген»: Алматыда пәтерден 33 жастағы ер адамның денесі табылды