Балқашта алғаш рет ауқымды дрон-шоу өтті. Жарық шашқан бес жүз ұшқышсыз аппарат көл айдынының үстіне қалықтап көтеріліп, көрермендерге әсерлі де ұмытылмас көрініс сыйлады.
Көздің жауын алған бұл шоу Balkhash Tour Fest – 2026 фестивалінің алғашқы күнінің шарықтау шегіне айналды.
Шоу аспанда Қазақстан картасының бейнесі көрініс табуымен басталды. Одан кейін бірін-бірі алмастырған жарық композициялары көрермендерді таңдай қақтырды.
Әртүрлі бейнелер арасында фестивальдің символына айналған Балу жолбарысының күшігі де айшықталды.
Ол Балқаш өңірінің табиғи байлығын, қайталанбас сұлулығы мен қуатын бейнелейді. Көріністің соңында дрондар «Таза Қазақстан» деген жазуға сап түзеп, туған жердің тазалығын сақтау мен қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын көпшілікке тағы бір мәрте еске салды.
Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, дрон-шоу жаз мезгіліндегі Балқаштағы ең ауқымды туристік оқиғалардың бірі саналатын фестивальдің көркін аша түсті.
Сонымен қатар ол өңірдегі туризмнің дамуы мен заманауи технологиялардың кеңінен қолданылып келе жатқанын айқын көрсетті. Фестиваль кешінің ерекше атмосферасын көпшілік сүйіп тыңдайтын өнерпаздардың қатысуымен өткен концерт толықтырып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.