Балқаш қаласында 8 жасар баланы аяусыз соққыға жығу дерегі бойынша күдікті ұсталды. Оқиға баланың анасы әлеуметтік желіде үндеу жасағаннан кейін қоғамда кеңінен талқыланып, резонанс тудырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балқаш қаласында кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша полиция тарапынан сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді, - деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл іс департамент басшылығының ерекше бақылауында. Қазіргі таңда болған оқиғаның толық әрі объективті картинасын анықтау мақсатында барлық қажетті тергеу және процестік шаралар жүргізілуде. Барлық нұсқалар мен тараптардың уәждері тексеріліп жатыр.
Кінәлілер заң аясында толық көлемде жауапқа тартылады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді, - деп нақтылады департамент өкілдері.
Жәбірленген баланың жағдайына қатысты Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. Бала Балқаштағы көпсалалы ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты, орташа ауыр деп бағалап отыр. Диагнозы – аралас жарақат.

Пациент кәмелетке толмаған болғандықтан, ресми өкілдерінің рұқсатынсыз ақпарат бере алмаймыз, - деп түсіндірді басқармада.
Аталған оқиға бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева жағдайды өз бақылауына алды. Оның айтуынша, ол балаға қатысты жасалған зорлық әрекеттеріне байланысты Ішкі істер министрлігіне жүгінген.
Баланың анасымен байланыстамын, - деп жазды Закиева өзінің Instagram парақшасында.
Осы арада істің жай-жапсарынан хабардар дереккөздің айтуынша, екінші тарап та полицияға шағым түсіріп, өз қыздарына да зиян келтірілгенін мәлімдеген. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін баланың анасы Мәдина Досымбекова ұлының азапталғанын мәлімдеген еді: саусақтарын сындырған, басынан ұрған және денесін күйдірген. Ол күдікті ретінде "Қазақмыс" АҚ қызметкерін атады. Аталған компания бұл оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіріп, тергеуге жан-жақты көмек көрсететінін хабарлады.