Балқаш қаласының әкімі тағайындалды

Жаңа қала басшысын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды.

21 Шілде 2026, 16:54
АВТОР
 gov.kz 21 Шілде 2026, 16:54
21 Шілде 2026, 16:54
324
Фото: gov.kz

Балқаш қаласының әкімі болып Саян Мұратұлы тағайындалды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және Балқаш қалалық мәслихаты депутаттарының келісімімен Балқаш қаласының әкімі болып Саян Мұратұлы тағайындалды.

Жаңа қала басшысын Балқаш қаласының активіне Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды. Облыс әкімі жаңа әкімнің алдына қойылған негізгі міндеттерді айқындап, қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және әлеуметтік маңызы бар жобаларды тиімді іске асырудың басым бағыт екенін атап өтті.

– Сіздің басты міндетіңіз – балқаштықтардың өмір сүру сапасын арттыру, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Сонымен қатар туризм саласын өркендетуге ерекше назар аудару қажет. Атап айтқанда, Балқаш көлінің бірегей табиғи әлеуетін спорттық және туризмнің өзге де түрлерін дамыту үшін барынша тиімді пайдалану маңызды. Осыған байланысты туристік инфрақұрылымды жетілдіру, жағалау аймағын абаттандыру, инвестициялар тарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ жаңа туристік бағыттар мен нысандарды қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Саян Мұратұлы мемлекеттік басқару жүйесінде 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде абаттандыру, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және коммуналдық шаруашылық секторының бас маманы қызметінен бастаған.

Кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы, кейін осы бөлімнің басшысы қызметтерін атқарды.

2022–2024 жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болды. Одан кейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2025 жылдың тамыз айынан бастап Балқаш қаласының әкімі болып тағайындалғанға дейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болды.

– Құрметті Ермағанбет Қабдоллаұлы, құрметті депутаттар, әріптестер! Маған көрсетілген сенім үшін шынайы алғысымды білдіремін. Балқаш – мен үшін бөтен қала емес. Бұл жерде еңбек еттім, қаланың ерекшелігін, әлеуетін жақсы білемін. Бүгінде қандай мәселелердің өзекті екенін және тұрғындарды не толғандыратынын жақсы түсінемін. Әрбір коммуналдық мәселенің артында нақты бір адамның, бір отбасының күнделікті тұрмыс сапасы тұрғанын сезінемін. Сондықтан алдағы уақытта да қаланың инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және Балқаштың туристік әлеуетін толық ашуға күш саламыз. Қаланың тұрғындар үшін жайлы, қонақтар үшін тартымды әрі инвестиция үшін қолайлы мекенге айналып, тұрақты дамуы жолында бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді Саян Мұратұлы.

Еске салайық, бұған дейін Теміртау әкімі Ғалым Әшімов қала басшысы лауазымындағы жұмысының аяқталғанын мәлімдеген болатын. 

Сондай-ақ, бұған дейін Балқаш қаласының әкімі болған Сапар Сатаев Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалғаны хабарланды

Наверх