Балқаш көлінен екі браконьер ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс аумағында 3 сәуір мен 1 маусым аралығында өткен «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында полицейлер балық инспекторларымен бірлесіп, табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 68 адамды ұстады. Соңғы дерек Сарқан ауданында тіркеліп, көршілес Алматы облысының 40 және 36 жастағы екі тұрғыны Балқаш көлінде ұсталды. Тәртіп сақшылары ұсталғандардан 272 келі заңсыз ауланған балық, екі қайық, балық аулауға арналған түрлі қармақтар мен тыйым салынған дараталшық торларын тәркіледі.
Іс-шара барысында 68 құқық бұзушы ұсталды. 5 дерек бойынша қылмыстық тергеу ісі қозғалды. Ұсталғандардан шамамен ұзындығы 3 км әртүрлі браконьерлік торлар, 5 қайық және 800 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді. Жалпы келтірген шығын шамамен 6 млн теңгені құрайды, – деді Жетісу облысы ПД табиғатты қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.
Ведомствода браконьерлерден тәркіленген балық сату үшін қабылдау пунктіне өткізіліп, одан әрі жиналған қаражат мемлекет кірісіне тапсырылатынын атап өтті.