Жетісулық Төтенше жағдай қызметкерлері тазалыққа шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, шомылу маусымы қарсаңында Жетісу облысы аумағындағы ел жауһары атанған – Балқаш көлінде облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері су асты тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жетісу облысы ТЖД арнайы бригадасы мен сүңгуірлерінің білек түре атқарған жұмысының арқасында Балқаш көлінің 10 км бойы, 5 метр тереңдікке дейін түрлі қоқыстардан тазартылды. Сүңгуірлер бірегей көл түбінен целлофан, пластик сынды 367 кг қоқыс шығарды.
«Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Осы орайда, ТЖД сүңгуірлер көмегімен су астын қоқыстан арылтып, көз жауын алатын көгілдір көлге алыс-жақыннан ағылған жазғы демалысын өткізушілерге қауіпсіз ортада тазалықты қамтамасыз ететін болады.
«Таза Қазақстан» акциясы барысында жердің беті ғана емес, өзен-көл асты да назардан тыс қалмауы керек, - дей отырып су асты ластанбауын қатаң қолға алған төтенше жағдай қызметкерлері жетісулықтарды тазалыққа шақырды.