Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қолайлы ауа райының қалыптасуымен республикалық маңызы бар трассаларда жол-құрылыс жұмыстары басталды. Мәселен, «Балқаш-Бурылбайтал» және «Күрті-Бурылбайтал» жобалары аясында Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарында асфальтбетон қоспаларынан жасалған жол төсемдері қабаттарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалы жалпы ұзындығы 141 шақырымды құрайтын Балқаш-Сарышаған учаскесінде асфальт төсеу жұмыстарына кірісті. Бұл жұмысқа 210 арнайы техника мен 270-тен астам жол жұмысшысы жұмылдырылды. Жұмыс жүріп жатқан алаңға жақын жерде 3 өндірістік база ұйымдастырылды. Базаларда вахталық қалашық, ұсақтау-сұрыптау қондырғылары, асфальтбетон зауыттары, топырақ араластырғыш және бетон араластырғыш қондырғылар бар. Бұл өндіріс алаңдары материалдарды жинау және қоспаларды дайындау үшін қажет.
Жамбыл облысы бойынша "Балқаш-Бурыбайтал" және "Бурылбайтал-Күрті" (2005-2214 км) жобаларын қайта құру шеңберінде ұзындығы 209 км 4 учаске іске асырылуда. Мұнда жол төсемінің асфальтбетон қабаттарын орнатуға және жасанды құрылыстарды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.195-ке жуық арнайы техника жұмылдырылып, 260 жол жұмысшысы еңбек етіп жатыр.
Ұқсас жұмыстарды "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ Алматы облысы филиалы да жүргізуде. "Күрті-Бурылбайтал" тас жолына жататын Ақсуек кентінен Қаншеңгел кентіне дейінгі (2214-2295 шақырымдары) учаскеде асфальтбетон төсеу жұмыстары басталып кетті. Мұнда 128 бірлік арнайы техника мен 160-тан астам жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған учаскелер Орталық-Оңтүстік (Нұр-Сұлтан - Алматы) көлік дәлізіне жатады. Осылайша, қайта құру жұмыстары аясында Нұр-Сұлтан-Алматы көлік дәлізі I техникалық санатқа ауыстырылып, екі жолақты жолдан төрт жолақты жолға дейін кеңейтіледі.