Батыс Қазақстан облысының бір ауылында 6 жасар қызды 32 жастағы ер адам зорлаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ер адам қыздың отбасымен жақсы таныс болған. Қайғылы жағдай 22 тамызда Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында орын алған.
Сол күні анасы қызы екеуі үйге қайтып келе жатқанда жолда танысын кездестірген. Ол балаға балмұздақ әперемін деп ұсыныс жасаған. Әйел еш қауіптенбестен баласын балмұздақ алуға дүкенге ер адаммен бірге жіберген.
Алайда қыз бала бірнеше сағат өтсе де үйіне қайтып келмеген. Сол сәтте ғана ата-анасы алаңдап, полицияға хабарласқан.
Қыз бір тәуліктен кейін ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілді.
Ата-анасынан арыз түскен соң дереу жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 23 тамыз күні күдікті — 32 жастағы ер адам ұсталды. Ол кәмелетке толмаған қыздың қай жерде екенін көрсетті. Қыз бала ауылдың шетінде тірі күйінде табылды, - делінген полиция хабарламасында.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, ер адам ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп, екі жыл бұрын түрмеден шыққан.