Алматы, BAQ.KZ. Коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Балқаш қаласында карантин шаралары қайта күшейтілді.
Балқаш қаласының аумағында коронавирус инфекциясының тіркелу санының ұлғаюына байланысты 2020 жылдың 24 қазаны сағат 00.00-ден бастап Балқаш қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 23 қазандағы қаулысымен шектеу іс-шараларының күшейтілуі енгізіледі:
1. 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуды шектеу;
2. Кәмелетке толмаған балалар ересектердің қарауынсыз жүруіне тыйым салынсын.
3. Жаппай жиналатын орындарда: гүлзарлар, саябақтар, жағалаулар мен үйлердің ауласындағы балалар ойнайтын алаңдары жабылсын.
4. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету бойынша еріктілердің жұмысын жандандыру (65 жастан асқан адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге, зейнетақы алуға және т.б. көмек).
5. Бұқаралық ақпарат құралдарында еріктілердің телефондары, жеткізу қызметтері жариялансын.
6. Өнеркәсіптік кәсіпорындарға жұмысшыларды жеткізетін қоғамдық көліктерді қоспағанда, қала бойынша қоғамдық көліктердің қозғалысын шектеу;
7. Балқаш станциясын, Қоңырат шағын ауданын қоса алғанда, қала аумағында сағат 22.00-ден 05.00-ге дейін жеке автокөліктің барлық түрлеріне тыйым салу.
8. Қоғамдық тамақтану нысандарына жұмыс уақытын сағат 22.00-ге дейін шектеу.
9. Азық-түлік сауда нысандарына жұмысын уақытын сағат 22.00-ге дейін шектеу.
10. Қызмет көрсету саласындағы нысандарға: шаштараздар, сұлулық салондар, моншалар, сауналар. Қызмет көрсетуді алдын-ала жазылу бойынша қатаң түрде жүзеге асыру, дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу, келушілердің ара-қашықтығын сақтау.
11. Кәсіпкерлік субъектілерге: нысандарға маскасыз және катаральды белгілері бар (жөтел, мұрынның ағуы, температура) келушілерді кіргізбеу.
12. Тәулік бойы қалада полиция бөлімі мен әскери полиция күштерімен патрульдеуі ұйымдастырылсын. 3 адамнан артық адамдардың жиналуына жол бермеу.
13. Балқаш қаласының аумағында орналасқан әскери бөлімдері, оның ішінде азаматтық персоналы қашықтықтағы жұмыс режиміне (қызметкерлердің кемінде 50%-ы) көшірілсін.