Балқаш туризмін дамыту үшін бірқатар шара қолға алынған

12 Мамыр 2021, 10:20
7599
Бөлісу:
Балқаш туризмін дамыту үшін бірқатар шара қолға алынған
Фото: автордан

Қарағанды облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел арасында «көгілдір теңіз» аталған Балқаш көлінің суына түсіп, құмына қыздырынғысы келетін саяхатшылардың қатары жыл санап артып келеді. Ресми деректерде жыл сайын Балқашқа 80 мыңнан астам турист келетіндігі айтылады. Алдағы жылдары бұл сан бес есеге дейін артпақ.

Балқаштағы жағажай туризмі маусым айында басталып қыркүйекке дейін созылады. Жаз басталса еліміздің дәл ортасында орналасқан Балқаш көліне ағылатын туристер көп. Себебі курорттық аймақтың қолайлы орналасуы мен жайлы ауа-райы туристер үшін таптырмас мекен болып отыр. Туризм саласы қаланың әлеуметтік ғана емес экономикалық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан да аймақтағы туризм саласын дамытуға жіті көңіл бөлінуде. Бүгінде Балқаш курорттық аймағында туристердің демалысын ұйымдастыратын 47 демалыс орны бар. Алайда демалыс үйлерінен жатын орынды алдын ала брондап қоймасаңыз, шілденің шіліңгір күнінде орын таппай шарқ ұруыңыз мүмкін.

Туристік сала біз үшін басымдылық берілетін салалардың бірі саналады. Өкінішке орай өткен жылы еліміздегі эпидемиялогиялық жағдайдың ушығуына байланысты Балқашқа демалуға келушілердің саны 23,4 пайызға азайды. Сәйкесінше демалыс үйлеріндегі саяхатшылардың саны да кеміді. Дегенменде, биылғы жылы екі демалыс орнын пайдалануға беру көзделуде. Бұл демалыс үйлері 15 адамды жұмыспен қамтитын болады. Сонымен қатар, алдағы уақыттары тағы да жеті демалыс аймағын салу жоспарлануда, - дейді Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков.

Қала басшысының айтуынша, Балқаш көлін ішкі және сыртқы туристерге курорттық аймақ ретінде барынша танытып, өңірді заманауи туристік орталыққа айналдыру үшін бірқатар кешенді шаралар қолға алынған. Туристік аймақтың саятшыларды тартудағы басты критерийі – ыңғайлы инфрақұрылымның болуы. Осы мақсатта Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарында инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жаңартылып, көл жағажайларында абаттандыру жұмыстары жасалуда. Бұл курорттық өңірдегі демалуды саятшыларға қолайлы етіп, қызмет көрсету деңгейін арттыруға мүмкіндік бермек.

Балқаш жағалауындағы Тораңғылық және Шұбар-түбек елді мекендеріндегі демалыс аймақтарында орталықтандырылған су және кәріз құбыры болған жоқ. Демалыс үйлері бұл мәселені осыған дейін өздігінше шешіп келді. Сәйкесінше демалыс үйлеріндегі жатын орынның бағасы да көтеріңкі болды. Алдағы уақыттары бұл проблема шешімін табатын болады. Осы кенттерді сумен қамту, жабдықтау, кәріз жүйесін тарту сияқты инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілетін басталады. Алдымен аталған екі елдімекенді Балқаш қаласына қосу жұмыстары жасалады. Осыдан кейін 22 шақырымға нженерлік желі тартылады. Сондай-ақ, бұл аймақта жеке инвестиция есебінен 12 демалыс үйі бой көтереді деп күтілуде, - дейді қала басшысы.

Сондай-ақ, Балқаштың жағажайларына туристерді көптеп тарту үшін Бертіс шығанағындағы бос жағалауларға демалыс орындарын салу көзделуде. Ол үшін ең алдымен бұл аймаққа электр, су және кәріз жүйелері тартылатын болады.

Біз көптен күткен жобаның бірі – Бертіс шығанағы аймағындағы туристік нысандарға су, кәріз жүйесі мен электр желісін салу жобасы болатын. Республикалық бюджеттік комиссия бұл жобаны қолдады. Алдағы уақыттары бұл аймақта 18 бизнес-жоба қолға алынатын болады, - дейді Тәуірбеков.

Балқаш өңірінде туризмді дамыту мақсатында аймақта ғаламтор мен ұялы байланыс желілерінің сапасын жақсарту көзделіп отыр. 4G жылдамдықтағы желімен қызмет көрсету мүмкіндігі болуы үшін байланыс операторларына шеринг жабдығын қолдану ұсынылуда.

Балқаш туризмін дамыту үшін бірқатар шара қолға алынған

Балқаш туристік аймағына жету үшін сапалы көлік инфрақұрылымының болуы маңызды екендігі белгілі. Облыс әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың соңына дейін Қарағанды-Балқаш бағытындағы автобанның төрт жолағын пайдалануға беру жоспарлануда. Облыстық және жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстары да жалғасын тауып, Балқаштың аэровокзалы да жаңартылатын болады.

Туризмді дамытып, туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2020 жылы республикалық күре жолдан Тораңғылык елді мекеніне дейінгі сегіз шақырымдық жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Тораңғылық пен Шұбар-түбек елдімекендерінің ішкі жолдары және Бертіс шығанағындағы жолдар жөнделді. Бұған жалпы көлемі 523 миллион теңге қаржы жұмсалды. Сонымен қатар туристердің қолайлылығы үшін аэровокзалды қалпына келтіру шаралары қолға алынады, - дейді Тәуірбеков.

Балқаш аймағын қайта жаңғырту жұмыстары 2023 жылы аяқталмақ. Жолдар жөнделіп, жағалаулар абаттандырылып, демалыс аймақтарына инженерлік желілер тартылып, заманауи демалыс үйлері салынғаннан кейін «көгілдір теңізге» демалуға келушілердің қатарын бес есеге арттыру мүмкіндігі тумақ. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа қарқын береді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы