- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Баласына бермеген 19 миллиард: Алиментті төлемегеннен қалай өндіріп аламыз?
Баласына бермеген 19 миллиард: Алиментті төлемегеннен қалай өндіріп аламыз?
20 Қазан 2026, 07:30
Қазақстанда алимент төлемей, іздеуге жарияланған 1500-ден астам адамның тізімі Qamqor.gov.kz порталында жарияланған. Олардың арасында құқық қорғау органдары бірнеше жылдан бері іздеп жүргендер де бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда проблемалық атқарушылық істер бойынша алимент берешегі 19 млрд теңгеге жеткен. Төлем жасамай жүргендер саны 12 мыңнан асады. Бұл сандардың артында баласының күнделікті қажетіне қаражат таппай қиналған, сот шешімі қолында болса да, тиесілі ақшасын ала алмай жүрген отбасылар тұр. Бірі «жұмысым жоқ» дейді, енді бірі нақты табысын жасырады.
Астана прокуратурасының тексеруі кезінде 5,5 мың борышкердің 26 млрд теңге көлеміндегі кірісін жасырғаны анықталған. Сонымен бірге сот орындаушыларының 5 мыңнан астам әрекетсіздік фактісі тіркелген. Осылайша, балаға тиесілі қаражаттың уақытында жетпеуіне борышкердің жалтаруы да, сот шешімін орындатудағы олқылықтар да әсер етіп отыр.
Сот алимент төлеуді міндеттегенімен, ақша айлап түспесе, ата-ана не істеуі керек? Борышкердің ресми жұмысы болмаса, қарыз қалай есептеледі? Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Айдар Советбеков баланың ақысын өндіріп алудың заңды жолдарын түсіндірді.
Сот шешімі бар, ақша жоқ: неден бастау керек?
Соттың алимент тағайындауы - істің алғашқы кезеңі. Одан кейін атқарушылық құжаттың сот орындаушысына жіберілгенін және іс жүргізу басталғанын анықтау қажет. Сот бұйрығының өзі атқарушылық құжат бола алады, ал сот шешімі бойынша тиісті атқару парағы беріледі.
Іс жеке сот орындаушысының өндірісінде болып, ақша түспесе, берешектің ресми есебін сұратқан жөн.
«Егер іс ЖСО өндірісінде жатса, бірақ айлап ақша түспесе, ең бірінші заңды қадам - сот орындаушысынан “Берешекті айқындау туралы қаулыны” шығарып беруді ресми түрде талап ету. Бұл құжат борышкердің нақты қанша қарыз екенін заңдық тұрғыдан бекітеді, - дейді Айдар Советбеков.
Әділет органдарының түсіндіруінше, сот орындаушысы алимент бойынша берешекті тоқсан сайын айқындайды. Қаулы берешек анықталғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тараптарға танысу үшін жіберіледі. Сондықтан өндіріп алушы қарыздың қанша айға және қандай табыс негізінде есептелгенін тексеріп алғаны дұрыс.
«Жұмысым жоқ» деген уәж міндеттен босатпайды
Алимент төлемейтіндердің жиі айтатын уәжі -«жұмысым жоқ». Алайда ресми жұмыс орнының болмауы баланы асырау міндетін тоқтатпайды.
«Егер борышкер жұмыссыз болса немесе табысын ресми растай алмаса, алимент Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық жалақы мөлшерінен есептеледі, - дейді адвокат.
Мұнда орташа жалақының бәрі бірдей алимент ретінде есептелмейтінін түсінген жөн. Табысқа үлестік қатынаста белгіленген алимент бойынша тиісті үлес осы көрсеткішке қолданылады. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 169-бабында жұмыс істемеген немесе табысын растайтын құжат ұсынбаған борышкердің төлемі мен берешегін есептеудің осы тәртібі көзделген. Заңда жекелеген санаттарға арналған ерекшеліктер де бар.
Ал табысын жасыратын адамға қатысты мәселе тек ай сайынғы аударымды күтумен шешілмейді. Оның нақты кірісін, банктік шоттары мен мүлкін анықтау қажет.
Айдар Советбеков мұндай жағдайда заңда көзделген мәжбүрлеп орындату шараларын қолдану мәселесін көтеру керегін айтады.
“Олардың қатарында шоттардағы ақшаға және мүлікке өндіріп алу, елден шығуды уақытша шектеу, арнайы құқықтың қолданылуын уақытша тоқтату тетіктері бар. Бұл шаралардың әрқайсысы тиісті заңдық негіздер мен рәсімдер сақтала отырып қолданылады”, - деді ол.
Мүлікті толық анықтаудың нәтижесін Астанадағы тексеру де көрсеткен. Прокурорлар бұған дейін жеке сот орындаушыларының назарынан тыс қалған, жалпы құны 2 млрд теңге болатын 126 бірлік құрылыс, жол және ауыл шаруашылығы техникасын тапқан. Прокуратура жариялаған мәлімет бойынша, 2,5 мың баланың пайдасына 2 млрд теңгеден астам алимент өндірілген.
Сот орындаушысы әрекет етпесе, кімге шағымдануға болады?
Ата-аналар кейде борышкерден ғана емес, сот орындаушысынан да жауап күтіп қалады. «Іс жүргізіліп жатыр» деген сөз нақты қандай әрекеттер жасалғанын түсіндірмейді. Сондықтан адвокат өтінішті жазбаша беріп, қабылданған шаралар туралы ақпарат сұратуға кеңес береді.
«Егер ЖСО әрекетсіздік танытса, күтіп отырмаңыз. Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына және Әділет департаментіне оның үстінен ресми шағым түсіріңіз, - дейді Айдар Советбеков.
Әділет департаментіне өтінішті eOtinish арқылы жолдауға болады. Шағымда іс нөмірін, алимент түспеген кезеңді, сот орындаушысына қашан жүгінгеніңізді және қандай әрекеттер жасалмағанын көрсету маңызды.
Алименттен жалтарғандарға қандай жаза бар?
Алимент төлемеген адамға әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Алайда қарыздың пайда болуы автоматты түрде қамауға алуға әкелмейді: істің мән-жайы мен құқық бұзушылық белгілері анықталуға тиіс.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы бойынша, қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаған жағдайда, сот актісін немесе атқарушылық құжатты орындамаған жеке тұлғаға 5 АЕК айыппұл, 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамақ көзделген.
“Егер борышкер үш айдан астам уақыт бойы алимент төлеуден қасақана жалтарса, Қылмыстық кодекстің 139-бабы қолданылады. Бұл бап бойынша борышкерді екі жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы күтіп тұр, - дейді адвокат.
Аталған бапта 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы да қарастырылған. Нақты жаза істің мән-жайына қарай сотпен белгіленеді.
Бала 18-ге толса да, бұрынғы қарыз жойылмайды
Ата-аналарды алаңдататын тағы бір сұрақ - бала кәмелетке толғанда бұрынғы қарыздың тағдыры не болады? Кейбірі баласы 18 жасқа толса, төленбеген ақшаны талап етуге кеш деп ойлайды.
Бала 18 жасқа толғанда алименттің жаңадан есептелуі тоқтайды, бірақ жиналып қалған берешек ешқайда күйіп кетпейді, - дейді Айдар Советбеков.
Яғни кәмелетке толмаған баланы асырауға арналған ағымдағы төлемнің аяқталуы бұрын жиналған берешекті автоматты түрде жоймайды. Бала 18-ге толғаны үшін ғана қарызды өндіріп алудан бас тартуға негіз жоқ.
Кешіктірілген алимент үшін өсімпұл талап етуге болады
Алименттің уақытында төленбеуі негізгі қарыздан бөлек қосымша міндеттеме туындатуы мүмкін.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 171-бабына сәйкес, берешек алимент төлеуге міндетті адамның кінәсінен пайда болса, кешіктірілген әр күн үшін төленбеген соманың 0,1 пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбы есептеледі. Бұл талапты сотқа бөлек қоюға болады. Бұл өсімпұлды өндіріп алу үшін азаматтық сотқа жеке талап арызбен жүгіну қажет, - дейді Айдар Советбеков.
Ал ақша өзге тұлғалардың кінәсінен кешіксе, мысалы, ұсталған алимент уақытында аударылмаса, жауапкершілікті борышкерге жүктеу мәселесі басқаша бағаланады.
Сот шешімі орындалмай тұрған әр айда баланың күнделікті қажеті кейінге қалмайды. Оның тамағы, киімі, оқуы үшін шығын жалғаса береді.
Ең оқылған:
- Республика күніне орай қай өңірлерде халыққа ақша беріледі?
- Республика күніне орай қазақстандықтар неше күн демалады?
- Кім жәрдемақы алады, кім алмайды? 2027 жылдан енгізілетін өзгеріс туралы не білу керек
- Трамп: Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде ілгерілеу бар
- Трамп Израильдегі сайлау алдында Нетаньяхуды қолдады
Аида БАТУХАН