Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы «Balapan» телеарнасы бүгіннен бастап жаңа логотиппен эфирге шықты.
Жаңа брендбукке сәйкес, «балапандар» өсіп, тілі шыққан, яғни, енді балалармен сөйлесе алады. Арнаның бейнесі 4 түрлі мінезбен ерекшеленеді. Балапандар білімпаз, өнерпаз, спортқұмар және ерке. Әрбір сипаты заманауи балалардың қызығушылығы мен мінезін бейнелейді. Кішкентай көрермендер жаңа образдардан өздерін танып, виртуалды «дос» таба алады, - дейді арна мамандары.
Логотиптен бөлек, телеарнаның эфирі ID-роликтермен толықтырылып, заманауи аранжировкада жазылған аудио-роликтермен сүйемелденеді. Эфирді безендіруге арналған музыканы композитор Ермек Елгезеков жазып шықты. Ал жаңа әнұран авторлары – композитор Серікжан Әбдінұров пен ақын Олжас Қасым.
Телеарна ребрендингіне дайындық жұмыстары жарты жылға созылды. Жаңа логотипті жасауға еліміздің үздік дизайнерлері қатысып, арнайы фокус-топтар құрылды. Бұдан бөлек, арна аудиториясы – балалардың және ата-аналардың қалауын жан-жақты зерттеуді қамтыған статистикалық мәліметтер жинақталды. Ребрендинг жасау барысында логотиптің түсі мен қаріпіне де ерекше көңіл бөлінген.
«Balapan» телеарнасы жаңа телемаусымда 22 жоба ұсынады.Оның ішінде 9 анимациялық сериал мен 13 тележоба бар. Сондай-ақ шығармашылық ұжым телеарнадағы тікелей эфирді қайта жаңғыртып, «Кім тапқыр?» бағдарламасын жаңа форматта ұсынбақ. Көрерменмен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама аптасына 5 рет – дүйсенбі мен жұма аралығында эфирге шығады.