Балаңыздың есірткі тасымалдаушысы болып істейтінін қалай білуге болады, маман кеңес берді деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол үшін келесі нәрселерге назар аударыңыз:
- баланың телефонында подъездердің, аялдамалардың, үй қабырғаларының суреттері пайда болса;
- жеке заттарының арасында изолента, пакеттер, электронды таразы, таблетка немесе көзге арналған тамшыларға ұқсас заттар табылса;
- араласатын ортасы өзгерсе;
- бойында дөрекелік, тәкаппарлық пайда болса, әңгімені тоқтатуға ұмтылыс байқалса;
- күн тәртібі өзгерсе;
- ең бастысы: ақша немесе жаңа заттар пайда болса және жасөспірім олардың қайдан келгенін түсіндіре алмаса.
Маманның айтуынша, егер осы белгілер анықталса, тез арада баламен сөйлесіп, оны бақылауға алу қажет.
Осындай жолда жүрген жасөспірімдерге есірткіні таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталып, 10 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ІІМ ресми өкілінің мәліметінше биыл есірткі тасымалдау бойынша 10 жағдай тіркелсе, соның 7-і жасөспірімдерді құрап отыр.
Қылмыстық іс материалдары көрсеткендей, «закладчиктер» бастапқыда бұл іспен ұзақ айналыспаймын деп ойлайды екен. Бірақ жеңіл ақшаның буымен олар бұл бизнестен шыға алмай қалып жатады.
Соңында олардың көпшілігі есірткіге өздері тәуелді болады.