Балаңыз не көріп жүр?

1 Маусым 2024, 09:01
640
Бөлісу:
Балаңыз не көріп жүр?
Фото: BAQ.KZ

Балалар контентін дайындау оңай шаруа емес. Телефонға телмірген қазіргі уақытта балаларға қызықты дүние мен пайдалы контент ұсыну біраз еңбекті, ізденісті қажет етеді. Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, әлемде бүлдіршіндер күніне 30% уақытын теледидар алдында өткізеді екен. Ал біздің отандық телеарна мен интернет платформалар өскелең ұрпақ үшін қандай контент ұсынып жүр, шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

«Balapan» телеарнасы не ұсынып жүр?

«Balapan» - қазақстанның бірінші балалар арнасы. Телеарнаның басты ерекшелігі тек қазақ тілінде хабар таратады. Білім, ғылым, өнер, спорт, сынды сан саланы қамтитын бағдарламаларды көрсетіп, бүлдіршіндерді тәрбиелеуге атсалысып, қызықты жобалар ұсынып отырған әр отбасының сенімді серігіне айналған телеарна. Телеарна ұжымы «ұрпақ тәрбиесімен қатар, баланың жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруі, физикалық және менталды денсаулығы – балалар контенті өндірушілеріне жүктелген үлкен жауапкершілік». Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен анимация саны мен сапасын арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап «Balapan» бюджеті едәуір көбейген. Телеарна жас көрермендер үшін биыл 327 серия анимациялық өнім жасап жатыр. Олардың арасында кішкентай көрермендерді белгілі ғалым Шоқан Уалихановтың ең үздік экспедицияларының бірі болған Қашқария сапарымен таныстыратын «Шоқан» тарихи-этнографиялық мультсериалын, қазақ ертегі-аңыздарындағы кейіпкерлердің шытырман оқиғаларына негізделген фэнтези жанрындағы «Ақжелкен» туындысын ерекше атап өтуге болады. Қазіргі нарық анимациялық фильмдерге толы. Алайда мультфильмдер арқылы қандай құндылық дәріптеліп жатыр? Мұндай дүниелерге мән беріп, зерттеп, зерделеу - «Balapan» телеарнасының негізгі ұстанымдарының бірі. Ұжымның айтуынша, Қазақстанда жасалған мультфильмді Disney туындыларымен салыстыру қиын. Екі елдің мүмкіндігі екі түрлі, нарығындағы жағдай тең емес. Десек те еліміздегі барлық аниматордың арманы – Disneyге лайық дүние жасау.

Қазіргі уақытта «Balapan» балабақша жасындағы балалар арасында «IBars» зияткерлік ойынын өткізіп келеді. Түсірілімге Қазақстанның барлық өңірінен балалар келіп қатысатын бұл жобаның ерекшелігі –кішкентай көрерменнің когнитивті дамуына көмек береді. Сондай-ақ «Дара бала» мегажобасын ерекше атап өтуге болады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі маусымда ұсынатын жобаға қатысуға республиканың түкпір-түкпірінен 2 мыңға жуық бала өтінім білдірген. Өнер, спорт, білім, ғылым салаларында асқан дарыны бар, бірақ таныла алмай жүрген және басқа да ерекше қабілеттерге ие балалардың жұлдызын жағатын жобалардың бірі болмақ. Телеарна бала қауіпсіздігі тақырыбында тасада қалдырмаған. Осы тұрғыда «111» деп аталатын мультхикая жасауды қолға алып жатыр. Сюжеті балаға табиғи апаттар кезінде өзін-өзі қалай ұстауды, қоғамдық орындарда, тұрмыста қауіпті заттарға, бөтен адамдарға жоламауды үйретуге арналған анимациялық сериалда қапіпсіздік шаралар түрлі ситуативтік шытырман оқиғалар арқылы беріледі. Ұжым балалар ситкомы да аудитория сұранысына ие екенін айтады. Бұл бағытта арна эфиріндегі «Көңілді отбасы. Күлдір-бүлдір» жобасын ерекше атап өтуге болады. Отбасы құндылықтарын, бауырлар арасындағы татулық пен мейірімділікті, ата-анаға құрметті дәріптейтін жобаның эфирдегі рейтингі де, Youtube желісіндегі қаралымы да жоғары көрсеткішке ие. Тек биылғы бес айдағы көрсеткіш бойынша Tou Tube желісіндегі «Balapan» телеарнасы контенттерінің қаралымы 140 миллионнан асқан. Жалпы телеарнада биыл 20 анимациялық сериал, 15 телебағдарлама, балаларға арналған 5 телехикая өндірісі жоспарланған.

 

Әлеуметтік желілердің әсері

Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефон қолданатыны белгілі. Жылаған баланың қолына бірден смартфон ұстатып, бастысы тыныш отырса болды дегенді ұстанатын ата-аналар да жоқ емес. Осыдан кейін балада телефонға деген тәуелділіктің туындайтынын жоққа шығара алмаймыз. Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олар­дың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпарат кездеседі. Ата-аналар тарапынан от­басыларда және жақын ортада ба­қылаудың болмауы салдарынан балалар түрлі жағдайларға ұрынып жатады. Бірі сол желі арқылы кибербуллингтің құрбаны болады.Сондықтан ата-ана баланың көріп отырған киносы мен мултьфильмінің жас шектеуіне қаншалықты назар аудару керегін ескергені дұрыс шығар. Осы ретте 4 баланың анасы Айнұр Қанатқызының пікірін білген едік.

Менің төрт балам бар. Оның екеуіне телефон ұстауға рұқсат еттім. Қазіргі балалар Tik-Tok әлеуметтік желісіне құмар. Менің балаларым да көп уақытын қысқа видеолар көруге жұмсайтынын байқадым. Бірақ мен олардың What’s app, Telegram, Youtube аккаунттарын бақылап отырамын. Ұлым көбінесе тілдік дағдыларды дамытатын видеоларды көп көреді. Қызым сурет салуға бейім болған соң, суретшілердің лайфхактарын көп тамашалайды. Жақында Family Link деген бағдарламаны орнатып алдым. Сөйтіп уақыттарын шектеп қойдым. Қауіпсіз іздеу жүйесін енгіздім. Яғни олар өз жастарына сай контентті ғана көре алады, - дейді Айнұр Қанатқызы. 

Иә, Айнұр секілді әрбір ата-ана баласының желідегі парақшаларына көз жүгіртіп, бақылауды ұстауды ұмытпағаны пайдасын тигізбесе, зияны жоқ.

 

YouTube-тағы танымал балалар контенті

YouTube-та балаларға арналған контент көп. CashNetUSA зерттеуіне сәйкес, балалар контенті әлемдегі ең тиімдісі екен. Сондай-ақ, 11 жасқа дейінгі балалардың шамамен 80% YouTube-ті көреді. Ересек адамдардың контентіні де қарағанда млрд қаралым жинай алатын ол балаларға арналған жобалар. YouTube-тегі балаларға арналған контенттің танымалдылығымен қатар қауіпсіздік пен деректерді қорғауда бірқатар мәселелер мен қиындықтар да бар. YouTube өзінің жас аудиториясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балаларға жеке платформа - YouTube Kids-ті енгізді. Балалар контентінде YouTube-та ең танымал болған ол «Бала акула» (Baby Shark) — акулалар отбасы туралы балаларға арналған би әні. 2016 жылы 18 маусымда шыққан корейлік жоба Pinkfong орындаған бейнеклип танымал вирустық бейнеге айналды. 2018 жылдың күзінде сингл 11 апта бойы Kid Digital Song Sales диаграммасында бірінші орыннан түспеді. 2022 жылдың 13 қаңтарында көру саны 10 миллиардтан асты. Ал, 2024 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша бейне 14 миллиардтан астам қаралым жинады. Ағылшын тілінде көрсетілген бұл жобаның кейін қазақша нұсқасы да ұсынылды. Сонымен қатар балалар арасында танымалдыққа ие болған мультсериалдың бірі - Көк тракторды айтуға болады. Сериалдың басты кейіпкері - көк дөңгелекті трактор. Ән мен ертегі айту арқылы балалардың сүйікті сериялына айналды. Көк трактор өзінің тіркемесі арқылы жүктер мен жануарларды тасымалдайды. Бұл контент балаға қалай санау керек, әртүрлі машиналардың қалай жұмыс істейтіні, жануарлардың аттарын ұсынады. Ал Қазақстанда балалар үшін ұсынылып ең көп қаралым жинаған видеоконтент әнші Жазира Байырбекованың «Әлди-әлди» деп аталатын бесік жыры. Оның қаралымы 119 млн-ға жетіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы