Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылына арнады. Осыған орай, республика көлемінде қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
Елімізде балаларға арнап өлең, әңгіме жазатын авторлар аз ба, көп пе? Ал азды-көпті жазылған балғындар туындысы оқылып жатыр ма? Балалар өз ақынын, жазушысын біле ме? Осы ретте Түркістан облысы, Төлеби ауданында дүниеге келген балалар ақыны Дәркен Танабаев жас ұрпаққа арнап бес өсиет пен бес кітап оқуды ұсынды.
Айта кетейік, Дәркен Танабаев балаларға арнап «Мәуелі бақ», «Таңғы шуақ» атты жыр жинақтарын жазған. 2007-2008 жылдары елордада өткен «Астана-Бәйтерек» балалар әдебиеті байқауында жүлдегер, 2011 жылы Алматы қаласында өткен «Алтын қалам» балалар шығармасы бойынша «Жылдың үздік жүлдегері» атанған.
Ақын Танабаевтың айтуынша, биыл Балалар жылына орай балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлініп, олардың кітап болып басылып шығуына көмектесу қажет.
Қазақстанда балаларға арнап жазатын қаламгерлер аз деп ойламаймын. Тек соның кеңінен насихатталу жағы кемшін болып тұр. Егер Үкімет тарапынан мүмкіндік болса бала психологиясына лайықтап қазақ аңыз ертегілерінен фильм мен түрлі жобалар жүзеге асырылса құба-құп болар еді. Жалпы қазіргі кезеңде, кез келген ата-ана бала тәрбиесіне атүсті қарайды дегеннен аулақпын. Ол онсыз да әрбір ата-ананың жеке міндеті және оның ой-түйсігінің деңгейіне де байланысты. Қазақта мынандай бір жақсы қағида бар. Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін, құлыңдай қина. Он бестен ары, досыңдай тыңда демекші, баланың өсу кезеңдеріндегі процестерін қадағалап отыру керек. Оған өмірге жауапкершілікпен қарауды талап ету керек, - дейді балалар ақыны.
Өз кезегінде ақын балалар әдебиеті мен газет-журналдарға сұраныс болған күннің өзінде олардың бос уақыты жоқтығын, ол үшін кітап оқуды насихаттау керектігін атап өтті.
Балалар өлең, әңгіме, ертегі оқу үшін алдымен ол кітаптарды шығарып қана қоймай, оқулықтарды тартымды әрі қызықты ету қажет. Сондай-ақ, жан жақты балабақшада, мектепте, кітапханаларда, демалыс лагерьлерінде, әлеуметтік желіде, үйде дастархан басында насихатталғаны жөн. Өйткені әдебиет балаларды саналы, әрі сыни тұрғыдан ойлай алатын білімді әрі мәдениетті тұлға болып қалыптасуға жетелейді, - дейді ол.
Өз кезегінде ақын Дәркен Танабаев балалар оқитын бес кітапты ұсынды. Олар Ыбырай Алтынсариннің Балаларға арналған хрестоматиясы, Өтеген Тұрманжановтың балаларға арналған барлық өлеңдер жинағы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» мен балаларға арналған хикаяты, Қадыр Мырзалиевтің «Күміс қоңырауы», Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күн» атты кітаптарын оқығанды жөн деп санайды.
Балаларға арналған бес өсиет айтар болсам, бірінші ер жетіп азамат болуға асықпаса екен. Балалықтың бал дәмінен тәтті нәрсе жоқ. Балалықтың өзі жігіттікке дайындық. Екінші, мектепте берілген барлық тапсырма мен сабақты оқу әрбір оқушының міндеті екенін ұмытпау керек. Үшінші, кітапты көбірек оқып, спортпен шұғылдану, ата-анасына әрдайым қолғабыс ету, төртінші, достыққа, махаббатқа, ата-анасы мен бауырларына, еліне адал болу, бесінші, жақсыдан үйрену, жаманнан жирену. Жақсылық пен жамандықты ажырата білу дегім келеді, - дейді Танабаев.
Ақын баланы тек қана ата-ана мен мұғалімдер ғана тәрбиелемейді, басқа қоршаған орта яғни көшенің ықпалы қатты әсер етеді. Сондықтан бала еліктеп жаман жолға түспес үшін салауатты орта қалыптастыру керек деп есептейді.
Жігіттің жақсы болуы нағашыдан дейді қазақта. Ал мен баланың жақсы болуы анасынан дер едім. Жақсы ақылды, тәрбиелі анадан өнегелі бала өседі. Жалпы, баланың өмірін ата-анасы жоспарлаған дұрыс. Бірақ бұл қатып қалған қағида емес. Баланың еркімен санаса отырып, дұрыс бағдар берілсе ұтылмайды. Себебі, баланың көбі болашақта кім болатынына көзі жете бермеуі мүмкін, сол жағдайда жол сілтеген дұрыс деп ойлаймын, - деді ақын.