Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Кванджуда өтіп жатқан су спорты түрлерінен әлем чемпионатында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден іріктеу кезеңі аяқталып, Дмитрий Баландин жартылай финалға жолдама алды. Бұл туралы ҰОК баспасөз қызметі хабарлады.
Баландин аталған қашықтықты 2:09.27 уақыт көрсеткішінде жүзіп өтіп, жалпы есепте 11-орынға табан тіреді.
Ал өз тобында Олимпиада чемпионы бесінші нәтиже көрсетті.
Әзірге бірінші орында австралиялық Мэттью Уилсон (2:07.29) тұр. Екінші орында ресейлік Антон Чупков (2:08.22). Үздік үштікті германиялық Марко Кох (2:08.70) қорытындылаған.
Айта кетейік, Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуден Рио Олимпиадасының чемпионы атанды. Жартылай финал бүгін кешкі уақытқа жоспарланған.