Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жүзуден Қазақстан командасының мүшелері Дмитрий Баландин, Әділбек Мусин және Әділ Қасқабай АҚШ-тағы ең танымал бапкерлердің бірі америкалық Дэйв Салоның қоластында жаттығады, деп хабарлайды Olympic.kz.
Сало көптеген әлем және Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін дайындаған. Ол әр жылдары ол Аарон Пирсол, Джейсон Лизак, Аманда Бирл, Стасьян Ститс, Ленн Кразейльбург, Гэйб Вудвард, Колин Лэйн, Ребекка Сни, Усама Меллули, Косуке Китаджима, Маркуас Роган, Дэвид Валтерс, Рикки Бернс, Эд Мозес, Юлия Ефимова, Иан Торп, Габриэль Роуздарды жаттықтырды.Сиднейде жүлде алған Лизак, Пирсол, Ститс және Роуз бапкердің даңқын арттыра түсті. Енді оның шәкірттері арасынан қазақстандық жүзгіштерді де көре аламыз.
«Қазақстан ҰОК президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың тапсырмасымен отандық жүзушілердің америкалық бапкердің қоластында жаттығуы туралы келіссөздер былтырдан бері жүргізілді. Қазақстандық спортшылардың толыққанды дайындалуына мүмкіндік беретін бұл қадам барысында біз жай ғана шетелдік кеңесшіні емес, жүзу әлемінде атағы алысқа кеткен бапкерді таңдадық. Ол біздің спортшыларымыздың Олимпиадаға бабында аттануы үшін үлкен көмек көрсетеріне сенімім мол», - дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков.
Айта кетелік, Дмитрий Баландин 2020 жылғы Токио Олимпиадасының лицензиясына ие болды. Ол FINA Қытайда ұйымдастырған жаңа форматтағы турнирде тиісті нормативті орындады. Баландин Champions Swim Series турнирінің Будареште өтетін екінші кезеңінен соң танымал бапкермен жаттығуды бастайды.
«Ертең FINA ұйымдастыратын жаңа турнирге қатысу үшін Будапештке аттанамын. Кейін дереу штаттарға бет алып, жігіттердің қатарына қосыламын. Шыны керек, бұл сәтті біз көптен бері күттік. Калифорнияда жаттығуды бастасақ деген ынтам зор. Оның үстіне, өзім АҚШ-та әлі болмаппын. Америкадағы жүзу мектебі әлемде үздік болып саналады, сондықтан, бұл сапар барысында үлкен тәжірибе жинап, оны өз карьерамда қолдараным сөзсіз. Дайындық кезінде жанымда Әділбек Мусин мен Әділ Қасқабай бар. Мұндай мүмкіндік сыйлаған біздің Олимпиада комитетіне алғысым зор», - дейді Баландин.
Мусин мен Қасқабай кешегі күннен АҚШ-тағы әйгілі бапкердің қоластында жаттыға бастады.
«Осыған қол жеткізу үшін қаншама тер төгіліп, келіссөздер жүргізілді. Әлемге әйгілі бапкермен бірге жаттығу бізге берілген үлкен мүмкіндік. Әзірге, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ. Өйткені келгенімізге бір күн ғана болды. Десе де бірден жаттығуға кірісіп кеттік. Тілге қатысты аздаған қиындық бар. Бірақ бәрі бізді түсінуге тырысып, достық қарым-қатынас көрсетіп жатыр. Оның үстіне, спорттың тілі – ортақ, сондықтан, бір-бірімізді түсінеміз», - дейді Мусин