Соңғы кездері алаяқтар өзгенің қаражатын жымқыру үшін небір қулықтарды ойлап тауып жатыр. Енді олар өздерінің жымысқы әрекеттеріне жастардың банк карталарын пайдалануды бастады деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
ҚР Жоғарғы сотының хабарлауынша, соңғы кездері алаяқтарға алданған азаматтардың арызы бойынша дропперлер жауапқа тартылуда. Дроппер дегеніміз - алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін пайдаланатын адам. Ол қылмыстың бастамашысы емес, тек нұсқауларды орындап, сол үшін ақша алып отырады. Көп жағдайда алаяқтық жасаған қылмыскер анықталмаған жағдайда осы дроппер оның заңсыздығы үшін жауап береді.
Мәселен, Қостанай облысы Қарабалық аудандық соты 19 жастағы екі дроппер-студентке қатысты істі қарады. Арызда көрсетілгендей, алаяқтар оны алдап, ақшасын заңсыз иемденіп алған. Аударымдар екі жас жігіттің банк карталары арқылы жүзеге асырылған екен. Арызданушы азамат олардың әрқайсысынан 9 млн теңгеден астам соманы өндіруді талап етіпті. Жауапкерлердің бірі қылмысқа қатысым жоқ деп отыр, ол өз есепшотына түскен ақшаның барлығын алаяқ көрсеткен есепшоттарға аударып отырған.
Жас жігіт Telegram әлеуметтік желісінде жұмысқа орналасу туралы хабарламаға назар аударған. Кейін табыс туралы ұсынысқа келісіп, ол үшін банктен шот ашқан. Сосын алаяқтардың нұсқауы бойынша сонда түскен ақшаларды алып, қайта аударып отырған екен.
Әрбір аударым үшін ол 5 мың теңге сыйақы алып келген.
Ал екінші студент өз шоттары бойынша өткен банктік операцияларды білмейтінін, түскен ақшаны басқаларға аудармағанын, банкте есепшот ашпағанын айтып ақталыпты. Кейін анықталғандай, алаяқтар банктің мобильді қосымшасында оның биометриялық растамасы арқылы және оның нөміріне жіберілген SMS/PUSH-қауіпсіздік кодтарын енгізу арқылы есепшотын пайдаланған.
Сот жауапкерлердің әрекеттері талап қоюшының есебінен негізсіз баюға әкеп соқты және оның уәжі орынды деген қорытындыға келді.
ІІМ берген мәлімет бойынша, 2024 жылы 1200-ден астам дропперге қатысты сот үкімі шығыпты. Олардың банктік карталары арқылы алаяқтарға аударылған 1 миллардтан астам теңге өндірілген.
Алаяқтар дропперлерді өз тұзағына қалау түсіреді? Ең бірінші кезекте түрлі әлеуметтік желілер мен көшедегі жарнамалар арқылы оңай жұмыс, жедел ақша табу мүмкіндігі туралы хабарламалар тарады. Кейін өздеріне хабарласқан адамдардың жеке мәліметтерін біліп алып, алдау арқылы банк карталары мен есепшоттарын пайдаланады. Мамандардың айтуынша, көбіне алаяқтардың арбауына жастар, зейнеткерлер мен жұмыссыз жүрген азаматтар түсіп қалады екен.