Балаларға үлкен жағдай жасалып жатыр – Аймағамбетов ҰБТ туралы

6 Мамыр 2021, 18:19
4509
Бөлісу:
Балаларға үлкен жағдай жасалып жатыр – Аймағамбетов ҰБТ туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде ҰБТ-ның электронды форматта өтіп жатқанына қатысты пікірін айтты.

2019 жылы Тамыз кеңесінде Ұлттық бірыңғай тестілеуді өзгерту мақсаты алға қойылған болатын. Сондай-ақ оны балаларға неғұрлым ыңғайлы, ашық ету және таза өткізу мақсаты қойылды. Бүгін осы мақсатқа жетіп, ҰБТ-ны жаңа форматта өткізіп отырмыз, - деді бас ұстаз.

Министр енгізілген өзгерістердің ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Ең бастысы қоғамда айтылып жүрген сын-пікірлерді ескеріп, жаңа технологияларды да қолданып, өзгерістер енгіздік. Біріншіден, бұл – электронды формат. Бұған дейін балалар қағаз жүзіндегі тест кітапшаларын, парақшаларын алып, оларды бояп тапсыратын. Оны алдын ала басып шығаратын едік. Кейін ол жеткенге дейін түрлі тәуекелдер болатын. Екіншіден, 2 000 жуық кезекші мұғалімді бір өңірден екінші өңірге жіберіп, үлкен қаражат жұмсалатын. Мұнда да әртүрлі тәуекелдер жоқ емес. Үшіншіден, бұл - ашықтық. Қазір әр ата-ана баласының қалай тапсырып жатқанын бақылай алатынын көріп отырсыздар, - деп атап өтті Аймағамбетов.

Министр айтқандай, әр балаға бір компьютер беріледі. Әр компьютерде бейнебақылау орнатылған. Оны мамандар прокторинг жүйесінде бақылап отырады.

Сондықтан балалардың көшіруі сияқты академиялық адалдық қағидасын бұзуға мүмкіндік болмайды. Тағы бір маңызды мәселе бұл - балалар бұған дейін бір ғана тапсырып, нәтижесі бойынша грант конкурсына қатыса алатын. Енді қазір түлектерге екі мүмкіндік берілген. Бірінші рет тапсырып көреді, егер алған балы көңілінен шықпаса, онда тағы бір рет тапсырып, соның сертификатымен конкурсқа қатыса алады. Бұл да үлкен жаңалық, - дейді Білім министрі.

Оның сөзінше, бұрын 7 не 10 күннің ішінде 120 мың бала жанталасып, ҰБТ тапсыратын. Министр айтқандай, бұрын ҰБТ айт пен той сияқты үлкен шара болатын.

Енді қазір 2,5-3 айдың ішінде түлектер өздері қалаған уақытты, өткізілетін пункті таңдап, ҰБТ тапсыра алады. Балаларға осындай үлкен жағдайлар жасалып жатыр. Жалпы мақсатымыз, ең біріншіден, академиялық адалдық қағидаларын ұстану, екіншіден – балаларға эмоционалды тұрғыдан қолайлы жағдай жасау, үшіншіден – ашықтықты қамтамасыз ету, төртіншіден – екі рет тапсыру бойынша таңдау еркін беру, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Еске сала кетейік, биыл ҰБТ 6 мамыр мен 30 маусым аралығында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы