Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов балалар мерекесімен құттықтады.
Бүгін 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні. Биыл бұл мерекенің қазақстандық балалар мен ата-аналар үшін ерекше мәні бар. Өйткені Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды. Барлық кішкентай балғындарымызды осы шуақты мерекемен құттықтаймыз. Жазғы демалыстары жақсы әрі қызықты өтсін. Балаларға қамқорлық жасау, олардың құқықтарын қорғау мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі, - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова балалар жылы іске асырылатын жобалармен таныстырды.
Мектеп жасына дейінгі балалар үшін 34 мыңнан аса орынға 322 балабақша ашу көзделген. Жекеменшік балабақшалаларда келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезектіліктің бірыңғай базасын құру жұмысы жүргізіліп жатыр, - деді ол.
Сондай-ақ биыл алғаш рет 22 мыңнан аса баланы оқу орнына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылады.