Балалар үйінің тәрбиеленушілері "Бала ғашық" фильмін тамашалады

28 Қазан 2019, 15:33
4715
Бөлісу:
Балалар үйінің тәрбиеленушілері "Бала ғашық" фильмін тамашалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыдағы Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген режиссер Бегарс Елубаевтың "Бала ғашық" атты балаларға арналған фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл шараға Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты.

"Бала ғашық" картинасы Арал маңында орналасқан балықшы ауылындағы интернат тәрбиеленушілерінің бастан кешкен қызықты оқиғаларын суреттейді. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы, кинодрамматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубаев жазды.

Бұл режиссер Бегарс Елубаевтың осы тақырыпта түсірген алғашқы жұмысы емес. 2012 жылы ол режиссер Ерлан Нұрмұхамедовпен бірге балаларға арналған "Аңшы бала" фильмін түсірген болатын.

"Ересектерге қарағанда балалар ашық мінезді ғой. Кино әлемінде тәжірибиесі болмағандықтан, олар режиссердің сөзін мұқият тыңдап, айтқаныңды бұлжытпай орындауға тырысады. Түсірілім кезінде балалар шаршап қалмау үшін графигімізді ыңғайластыруға тырыстық. Фильм бір ай көлемінде түсірілді",- деді режиссер.
Айта кетсек, "Бала ғашық" фильмі еліміздің бес қаласында – Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Қарағанды қалаларының кинотеатрларында көрсетіледі.


Өзгелердің жаңалығы