ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы балалардың қауіпсіздігі үшін атқарылған жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет назарға алып отырған маңызды мәселелердің бірі – жетім балалар тағдыры. Орталық коммуникациялар қызметіндегі дөңгелек үстел барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова олардың бүгінгі хәлі туралы айтты.
Бүгінде 21 мың жетім балалардың 17 600-ы отбасында тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын Қазақстан азаматтары отбасына 1000-нан астам жетім баланы қабылдайды. 3 жыл ішінде балалар үйлерінің саны 21 ұйымға азайды,-дейді комитет төрағасы.
Сонымен қатар, бүгінгі қоғам назар аударатын келесі мәселе – мектептегі қауіпсіздік. Спикер сөзінше бүгінде мемлекеттік білім беру ұйымдарының 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.
Балаларды үйде, қоршаған ортада, мектепте қауіптен сақтау – мемлекеттің міндеті. Елімізде барлық балаларға арналған мекемелерде сақтық шаралары қарастырылған. Бүгінде білім беру орындары бейнебақылаулармен, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етіліп, дабыл түймелерімен жабдықталды,-деді спикер.