Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы "Алау" мұз сарайында бірінші Балалар мен жасөспірімдердің қысқы олимпиадалық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Фестивальді биатлоннан Ванкувердегі Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Елена Хрусталеваның Олимпиадалық қоры ұйымдастырып отыр.
Ұлттық Олимпиада комитеті ресми республикалық спорттық күнтізбеге енгізген фестиваль 21 қараша мен 27 желтоқсан аралығында өтеді. Жарыс 12 жастан асқан балалар арасында бес қысқы олимпиадалық спорт түрі – конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, шаңғы жарысы, биатлон және фристайл бойынша өткізіледі. Оған Қазақстанның барлық өңірінен 700-ден астам бала қатысады.
Жарыс елордада шорт-тректен басталады. Балалар Щучинскте шаңғыдан, Алматыда биатлоннан, Өскеменде фристайлдан күш сынасады. Ұйымдастырушылар келер жылы спорт түрлері мен қатысушылар саны, жарыстың географиясы кеңейеді деп сенеді.
Министрлік атынан бірінші қысқы жасөспірімдер арасындағы фестивальдің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Балаларға зор денсаулық, үлкен жетістік тілеймін. Елена Хрусталеваға қысқы спорт түрін дамытуға үлес қосып жүргені үшін алғысымды білдіремін. Барлығыңызға сәттілік тілеймін. Фестивальді ашық деп жариялаймын, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев.
Елена Хрусталева олимпиадалық қорының жас спортшыларды қолдау және бұқаралық іс-шаралар өткізу мақсатында құрылғанын атап өтті.
Бұл идеяны бірнеше жыл ойлап келдім. Осы іс-шараға бір жарым жыл дайындалдық. Бірде уақытын ауыстырдық, демеушілермен келіссөздер ұзақ жүрді. Елімізде Қазақстан кубогы мен чемпионаты өтеді, бірақ оны балалар мен ата-аналарынан басқа ешкім көрмейді. Бұл көңіл түсіреді. Балаларға көп нәрсе керек емес. Азғантай сыйлық беріп, мереке ұйымдастырсаң жеткілікті. "Хрусталеваны, Сәпиевті көрдік" деп қуанады, - деді Хрусталева.
Спортшы төрт жыл сайын өтетін жасөспірімдер олимпиадасының кемшілігі жас шектеуінде екенін, сол себепті балалардың бәрі бірдей қатыса алмайтынын айтты.
Жасөспірімдер олимпиадасына қатыстым, бірақ медаль бұйырмады. Сол кезде өзіме нағыз олимпиада медалін аламын деп серт еттім. Бұл жарыстың мақсаты – балалар күштерін сынаса, халықаралық жарыстарға дайындалса, медаль, мадақтама, азын-аулақ сыйлықтар олардың спортпен айналысуына, халықаралық жарыстарда Қазақстанның туін желбіретіп, әнұранын ойнатуға жігерлендірсе дейміз, - деді қор директоры.
Елена Хрусталеваның олимпиадалық қоры көктемде құрылған. Балалар спортын дамыту, бапкерлердің біліктілігін арттыру, спортшыларды халықаралық жарыстарға жіберу, балалардың эпикировкасы, жарыстарды ұйымдастыру секілді бағыттарда жұмыс істейді. Құрылтайшылар – Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Юлия Галышева мен альпинист Мақсұт Жұмаев.
Қазір әлем балаларға қарап отыр. Балаларға арналған олимпиада ойындарын өткізіп жатырмыз. Бала кезімде шетелді көру арманым олимпиада ойындарына барсам ғана орындалатындай көрінетін. Осындай кішкентай кездеріңізден олимпиада чемпионы атануға мүмкіндіктеріңіз бар. Менің Эверестім – сіздердің алғашқы олимпиада медальдеріңіз. Балалар, сіздерге сенемін. Сәттілік тілеймін, - деді альпинист фестиваль ашылуында.
Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілі Жігер Әзбергенов фестивальдің ашылуымен құттықтап, балаларға олимпиада қозғалысындағы құндылықтарды сақтаудың маңызды екенін айтты.
Фестиваль соңында шара қонақтары мен фестиваль қатысушылары естелік суретке түсті.