Жетісу облысының прокуратурасы 9 балалар лагерінің қызметіне тексеру жүргізді, олардың жағдайы заң талаптарына сәйкес келмеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мысалы, «Қарлығаш» лагерінде (Көксу ауданы) санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қайшы, балаларға арналған азық-түлік ветеринариялық-санитарлық сараптама және қауіпсіздік сертификаттарынсыз сатып алынған.
Балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністерден жасалған тағамдар қарастырылмаған. Лагерьлердің барлығында дерлік өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайды. Алғашқы өрт сөндіру құралдары - өрт сөндіргіштер мен өрт гидранттары жоқ, өрт кезінде эвакуациялық жолдардың кедергісіз шығуы қамтамасыз етілмеген, - делінген прокуратура ақпаратында.
Кейбір лагерьлерде мерзімі өткен дәрі-дәрмектер сақталған. Балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді.
Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (ас үй, жуынатын бөлмелер және т.б.) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Шағала» лагерінде (Алакөл ауданы) ойын-сауықтыру кешендері мүлдем жоқ. Сонымен қатар Текелі қаласындғы лагерьлердің бірінде «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері анықталды. Тексеру іс-шаралары жалғасуда, - деп жазды Жетісу облысының прокуратурасы.
Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданатын болады.