Алматы, BAQ.KZ. «Алматы марафон» жобасының өкілдері Алматы қаласындағы балалар колониясындағы жасөспірімдерге футбол алаңын жабдықтап берді.
«Алматы марафоны» жобасының басты мақсаты – балалар спортын дамыту. Біз әртүрлі балалар мекемелерінде спорт алаңдары, өрмелеу қабырғалары, акваториялар, сенсорлық бөлмелер және тағы басқа спорт нысандарын салдық. Ал балалар колониясында заманауи футбол алаңын жабдықтаудағы мақсатымыз – сотталған жасөспірімдердің футболмен айналысуларына мүмкіндігінше жағдай жасау. Болашақта олардың арасынан атақты футболшы шығып жатса, нұр үстіне нұр, – дейді «Алматы марафоны» жобасының аясындағы «Бірінші болу батылдығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.Алаңның тұсаукесер рәсіміне Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Д. Қанатбеков, Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Р. Байсейітов, сондай-ақ Қазақстан футболының ардагерлері қатысты.
Ардагер футболшылардың арасында Қазақстан Республикасының чемпионы, ұлттық құрама ойыншысы Болат Есмағамбетов те бар.
Жазалы жасөспірімдерді белсенді өмірге тарту олардың болашақта түзеліп, қоғамға қалыпты азамат болып оралуларына ықпал етеді деп ойлаймын. Сондай-ақ спорт балаларды шынықтырып қана қоймайды оларды психологиялық және эмоционалдық жағынан қолдауға мүмкіндік береді. Ал мұндай қолдау темір тордағы балалар үшін өте маңызды, – деді тұсаукесерде сөз сөйлеген Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рүстем Сәлімұлы Байсейітов.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД бастығы әділет полковнигі Дархан Қанатбеков ЛА-155/6 мекемесі – республикадағы сотталған жасөспірімдер жазасын өтейтін жалғыз колония екенін атап өтті.
Қазір мұнда ауыр қылмыс жасаған 56 бала жазасын өтеп жүр. Аталған мекемедегі футбол алаңын қалпына келтіруге көмектесу үшін біз әртүрлі ұйымдардан көмек сұраған болатынбыз. Бүгін міне Алматы қалалық спорт басқармасы мен «Алғашқы болу батылдығы» корпоративтік қорының арқасында жазалы жасөспірімдердің арманы орындалды. Қолдау көрсеткендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін, – деді Қанатбеков.Статистикаға сүйенсек жазасын өтеп шыққан балалар бас бостандығынан айыру орындарына қайтадан келмейді екен. Оған бірден бір оң ықпал ететін жағдай – балалар колониясында жасөспірімдердің жан-жақты білім алулары, заманауи мамандық игерулері үшін жасалған жағдай деп айтуға болады.
Футбол алаңының түсаукесерінде департамент бастығы әділет полковнигі Д.Қанатбеков «Бірінші болу батылдығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры С. Қазыбаева мен Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Р. Байсейітовке Алғыс хат тапсырды.
«Алматы марафоны» жобасының бұл қайырымдылығы жазалы жасөспірімдерді үлкен қуанышқа бөледі. Бүгінде олар «Қайрат» командасының ардагерлерімен бірге ойнайтын алғашқы матчқа қызу дайындық үстінде.