Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігінің Алматы Академиясында балалардың қауіпсіздігіне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онлайн режимде өткен шараға қатысып, балаларға қатысты жасалатын қылмыстар туралы айттым, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Конференцияға мемлекеттік орган басшылары, қоғам қайраткерлері, балалар құқығын қорғауға үлес қосып жүрген белсенді азаматтар қатысты. Кәмелетке толмағандар қауіпсіздігі, оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтарға қарсы тұру тақырыбында түрлі ойлар мен ұсыныстар айтылды. Балалар болашағы – қоғамның баса назар аударатын мәселесі. Әр отбасы, ата-ана бала қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуі керек.
Әлемде түрлі қауіп-қатер бар. Оның ішінде балаларға жасалатын қиянат пен қастандық тиылмай отыр.
Ал олармен қоғам боп күресу - біздің міндетіміз. Көп жағдайда, көз алдымызда жүгіріп, ойнап жүрген балаларымызға алаңдамаймыз. Оларға қарауды ұмытып кетеміз. Жарақат алып, жазым болған соң ғана сан соғып, өкініп жатамыз. Қазір жаз шығып, шомылу маусымы басталады. Күн ысып, терезе ашық қалуы мүмкін. Бүлдіршіндерді назардан тыс қалдырмаңыздар. Ал қорғансыз балаларға қатысты жасалатын қылмыстармен аяусыз күрес жүргізу - полиция қызметкерлерлерінің міндеті.
Соңғы жылдары бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Жыныстық қолсұғылмаушылыққа қатысты жауапкершілік күшейді. Баланың болашағына сызат түсіргендер аяусыз жазалануы тиіс, - деді ол.