Балалар еңбегіне жол бермеу мәселесі талқыланды

13 Маусым 2022, 19:00
1961
Бөлісу:
Балалар еңбегіне жол бермеу мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  онлайн режимде Балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Отырыс барысында балалар еңбегіне жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс талқыланды, сондай-ақ оқудан бос уақытында 14-тен 16-ға дейінгі жастағы кәмелетке толмаған балалардың еңбегін пайдалануға рұқсат етілетін жеңіл жұмыстар тізімінің жобасы ұсынылды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың төрағалығымен өткен іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдардың – Білім және ғылым, Ішкі істер, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Бас прокуратурасының, жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО), сондай-ақ ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері, ҮЕҰ өкілдері және ЕХӘҚМ әлеуметтік серіктестері қатысты.

Отырыста екі негізгі мәселе қаралды:

- балалар еңбегіне жол бермеу жөніндегі ағымдағы жағдай туралы;

- оқудан бос уақытында он төрттен он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалардың еңбегін пайдалануға рұқсат етілетін жеңіл жұмыстар тізімінің жобасы туралы.

Ақмәди Сарбасов өз сөзінде Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) екі негізгі конвенциясын ратификациялағанын еске салды: №132 «Жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасы туралы» және №182 «Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және оларды жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы».

Бірінші вице-министр сондай-ақ балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою мақсатында қабылданып жатқан басқа да шараларға тоқталды.

Қазақстанда балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған жаңа іс-шаралар жоспары және Үкіметтің адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі 2021 – 2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары іске асырылуда, – деп хабарлады Ақмәди Сарбасов.

2022-2024 жылдарға арналған жаңа іс-шаралар жоспары шеңберінде балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету, балалар еңбегінің ең нашар нысандарын жою саласындағы заңнаманың сақталуына тексерулер жүргізу және т. б. мәселелері бойынша саясатты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған бақылауды уәкілетті мемлекеттік органдар жүзеге асырады.

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов кәмелетке толмағандарды өңірлердегі түрлі жұмыстарға тарту туралы хабардар етті, ал ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов ведомстволардың балалар еңбегіне жол бермеу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы айтып берді.

Кеңес қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің мүшелері үшін мынадай ұсынымдар әзірленді:

- өз ұсыныстарын оқудан бос уақытында 14 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалардың еңбегін пайдалануға рұқсат етілетін жеңіл жұмыстар тізімінің жобасына жіберу;

- 2022-2024 жылдарға арналған балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыру және ҮЕҰ-мен бірлесіп балалар еңбегі мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу мәселесін қарау.

Кәмелетке толмағандарды пайдалану көбінесе жазғы демалыс уақытында рұқсат етіледі, шағын бизнес субъектілерінен 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, базарлардағы сауда орындарында, көлік жуу орындарында және автокөлік құралдарын жөндеу станцияларында, қоғамдық тамақтану пункттерінде жұмысқа тартылатынын айта кету керек. Сонымен қатар ең көп кездесетін бұзушылық – еңбек шарттарының болмауы.

Өзгелердің жаңалығы