Оқушылар арасындағы буллингке кінәлі – ересектер. Ата-аналарға арналған тамыз конференциясында отбасылық психолог Ержан Мырзабаев осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балалар арасындағы қысым балаларға қарсы ересектер тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылықтан туындайды. Мәселен, балалар бірнәрсені бүлдірді. Ата-анасы оны ұрысты, ұрды. Одан бала не үйренеді? Яғни, проблема болса ұру керек екенғой деген ой түйеді. Мұны бала мектепке барғанда басқа балаға көрсетеді, - деді Ержан Мырзабаев.
Мырзабаевтың айтуынша, егер балаңызды жиі қорқытып, ұрсу мен сабаудың астына алсаңыз болашақта балаңыз тұйық әрі қоғам ортасында өзін-өзі бағалауы төмен болады.
Біз балаға туындаған мәселені қалай шешу керек екенін үйретуміз керек. Біз ата-ана ретінде баламызға не көрсетсек, бала сол оймен сыртқы әлемдегі мәселесін шешеді, - дейді ол.
Айта кетке жөн, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты Республикалық Тамыз конференциясы өтті. Шараны «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясымен бірлесіп ұйымдастырды. Конференцияға еліміздің барлық облыстарынан 800-ге жуық белсенді ата-ана қатысып, өз ойларын ортаға салды.