Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Бурабайда IV Ұлттық құрылтайдың отырысы аясында өткен "Мәдениет. Өнер. Руханият" секциясында Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін біз төртінші Ұлттық құрылтай аясында киелі Көкше өңірінде – Бурабай жерінде бас қосып отырмыз.
Бұған дейін өткен бірқатар басқосуларда өздеріңіздің ұсыныс-пікірлеріңіздің барлығын Құрылтай хатшылығы арқылы бекітіп, мұқият зерделедік, - дедң министр.
Бүгінгі жұмысымызды бастар алдында өткен жиында көтерілген мәселелерге қысқаша тоқталып өтсем.
Біріншіден, жұмыс отырысында талқыланған мәселелердің бірі – Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің жағдайы. Бұл мәселені Құрылтай мүшелері – ақын Светқали Нұржан мен депутат Еділ Жанбыршин көтерген болатын. Өздеріңізге мәлім, таяуда Мемлекет басшысы Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы заңға қол қойды. Құжатта еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретінде Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау, қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау сияқты бірқатар мәселе қарастырылған, - деді Балаева.
Заңда Мәдениет және ақпарат министрлігіне "Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұраларын зерттеу, зерделеу және дәріптеу бағытындағы шараларды іске асыруға жағдай жасау" құзіреті берілді.
Кесенені сақтау жұмыстары – министрліктің ұдайы назарында. 2023 жылдан бері кесенеде кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс шеңберінде оның конструкциялық тұрақтылығы, ылғалдану көздерін зерттеу жүзеге асып жатыр. 2025 жылға ғылыми-реставрациялық жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржы көзі қарастырылған, күн жылынғаннан кейін тиісті жұмыстар басталады. Сонымен қатар биыл Түркістан қаласында өтетін Халықаралық симпозиумға дайындық жұмыстары басталды. Симпозиум аясында Қожа Ахмет Ясауи мұрасы жаңаша зерделеніп, оның хикметтерінің мәні мен маңызы терең талқыланады деген сенімдеміз, - деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.