2025 жыл Қазақстан білім беру жүйесі үшін нәтижелі жыл болды. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асырып, мектепке дейінгі, орта, арнайы, техникалық және кәсіптік білім беру салаларында бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізді.
BAQ.KZ министрліктің ресми мәліметтері негізінде білім саласына шолу жасады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту
Қазіргі таңда республика бойынша 11,9 мың мектепке дейінгі ұйым бар, онда 1 миллионға жуық бала және мектепалды сыныптарда 163 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 95,9%-ға жетті.
2025 жылы «Ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жүйесі кеңейтілді. Пилоттық жоба 20 қала мен 16 ауданда іске қосылып, 5,6 мың мектепке дейінгі ұйым қатысып, 788 мың балаға ваучер берілді. Бұл 21,8 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік беріп, қаражат қайтадан балаларға жаңа ваучерлерге жұмсалды.
Сонымен қатар, биыл елімізде 65 мыңнан астам орындыққа есептелген 672 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылды. Балабақшалар жанындағы кеңес беру пункттерінің саны 4,2 мыңнан 6 мыңға дейін өсті, 60 мыңнан астам ата-анаға кеңес берілді. Пилоттық режимде 100 балабақшада «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» жобасы іске қосылып, 12 мың бала қамтылды.
Орта білім беру
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460,4 мың орындыққа арналған 217 жаңа форматты мектеп салынып жатыр. Жобаның арқасында үшауысымды мектептер, апаттық мектептер және орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты.
2025 жылы 214 мың оқушы орнына арналған 141 мектеп құрылысы аяқталды, ал 140 мектеп реновациядан өтті, оның 60%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. 1000-нан астам ауыл мектебі модернизациядан өтіп, заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар 1,2 миллионға жуық оқушы үшін білім беру ортасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Соңғы жылдардағы инфрақұрылымдық қарқын үш ауысымды мектептер санын 4 есе, апатты мектептерді 2,5 есе және орын тапшылығын 4 есе қысқартуға жағдай жасады. Қазір елде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мыңға жуық мектеп екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.
Білім беру жүйесінің сапасына бағытталған басқарушылық әлеуетін арттыру үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылып келеді. 2025 жылы кадрлық резервке 403 жаңа менеджер қосылды. 2023–2025 жылдары 986 жаңа көшбасшы кәсіби даярлықтан өтіп, олардың 47%-ы білім беру ұйымдарының басшысы қызметіне тағайындалды.
«Ұстаз» педагогтің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасында биыл 93 мыңнан астам педагог проактивті форматта аттестациядан өтті.
Балалардың халықаралық пәндік олимпиадалардағы жетістіктері де ерекше назарда. 2025 жылы 36 халықаралық пәндік олимпиадаға 1657 оқушы қатысып, 992 медаль иеленді. Оның ішінде 177 алтын, 329 күміс, 416 қола медаль бар. 7 беделді халықаралық олимпиадада Қазақстан құрамасы 27 медаль жеңіп алды. Панамада өткен робототехника чемпионатында қазақстандық оқушылар әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды.
Жуырда Мемлекет басшысының пәрменімен халықаралық ғылыми байқаулардың жүлдегерлерін мемлекеттік ақшалай марапаттау жөнінде заң қабылданды.
Алматыдағы «Абай атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернаты» 900 оқушы орнына арналған жаңа ғимаратқа көшірілді.
Инклюзивті және арнайы білім беру
Қазақстанда алғаш рет «Инклюзивті білім беру бойынша әлемдік конгресс» өтті. Бұл педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға және инклюзивті мәдениетті дамытуға мүмкіндік берді.
Мектепке дейінгі ұйымдар мен техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде педагог ассистенттері енгізілді. Қазір білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог ассистент және 10 275 арнайы педагог жұмыс істейді. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін жаңа жеке көмекші лауазымы құрылды. Бұл 129 балаға, оның ішінде үйде оқитын 45 балаға мектепке баруға мүмкіндік берді.
Елімізде 516 арнайы ұйым жұмыс істеп тұр. Президент тапсырмасы бойынша аутизм орталықтарының желісі кеңейіп, балаларды ерте жастан кәсіпке дайындау концепциясы бекітілді. Инклюзивті білімге жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 93,3%, арнайы психолого-педагогикалық қолдау 87%-ға жетті.
Бала құқықтарын қорғау
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектептерде жаңа тамақтану стандарты енгізіліп, 1,7 млн бала тегін тамақпен қамтылды.
Барлық мектептер мен колледждерде «ДосболLike» антибуллингтік бағдарламасы және «Жеке қауіпсіздік» сабақтары іске қосылды. 20 өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылып, 35 мың бала мен ата-анаға көмек көрсетілді.
Жергілікті атқарушы органдарда балалар құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Астана қаласында алғашқы басқармалар жұмысын бастады.
2025 жылы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау бойынша кешенді шешімдер қабылданды. 1 шілдеден бастап кәсіби асырап алу жүйесі енгізілді, жаңа заң 2026 жылы күшіне енеді. Заң балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған және асырап алушы, қамқоршы, патронаттық тәрбиешілердің жыл сайынғы бақылауын міндеттейді.
Қосымша білім беру
Елімізде 3,5 млн бала, яғни мектеп оқушыларының 90%-ы қосымша біліммен қамтылған, оның ішінде 2,2 млн оқушы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Биыл қосымша білім беру үшін бірыңғай ваучер жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. 600 мыңнан астам бала ваучер алды.
Жоба қазіргі уақытта 6 өңірде табысты жүзеге асырылуда: Астана, Шымкент қалалары және Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда облыстары. Қосымша білім беру ұйымдарының саны 25%-ға өсіп, 2 мыңнан астам ұйымға жетті. Ауылдық жерлерде 1 000 комьюнити-орталық құрылды.
«Адал азамат» тәрбие бағдарламасы қайта жаңартылып, барлық білім беру ұйымдарында енгізілді. Оқушылар бойында экологиялық және құқықтық мәдениет қалыптастыруға басымдық берілуде.
Техникалық және кәсіптік білім беру
2025 жылы колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 145 мың орынға артты. Оның 70%-ы техникалық және технологиялық бағыттарға бағытталды.
110 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Онлайн оқу және академиялық мобильдік заң жүзінде енгізілді. 400-ден астам педагог пен 200 студент шетелдік тәжірибеден өтті.
TurkicSkills халықаралық чемпионаты алғаш рет өткізілді. Қазақстандық студенттер дуальды оқыту аясында 132 мың студентке практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алды. 552 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 11,6 мыңнан астам кәсіпорын практикалық тәжірибесін қамтамасыз етуде.
100% 9-сынып бітірушілерге тегін оқу мүмкіндігі берілді. Профориентация жүйесі нығайып, 6–11 сынып оқушыларының 2,4 млн-ы қамтылды, 4,5 мың педагог-профориентатор жұмыс істейді, 1 000 профильді сынып ашылды.
2025 жылы Қазақстан білім беру саласында инфрақұрылымдық, педагогикалық және қосымша білім беру бағыттарында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен білім беру жүйесі сапаға, тең мүмкіндіктерге және балалардың толыққанды дамуына бағытталуда.