Гүлфайруз Есенқұлқызы: Тәрбиешінің еңбегі баланың қабілетін дұрыс бағыттай білумен өлшенеді

3 Қазан 2019, 09:07
8339
Бөлісу:
Гүлфайруз Есенқұлқызы: Тәрбиешінің еңбегі баланың қабілетін дұрыс бағыттай білумен өлшенеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Баласын балабақшаға апаратын ата-ана тәрбиешіден не талап етуге құқылы? «Бала – ата-ана – тәрбиеші үшбұрышы» деген не? Тәрбиешінің жалақысы еңбегіне сай ма? Балабақша, бала тәрбиесіне қатысты осы және басқа да сұрақтарға Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбиелеу жөніндегі әдіскері Гүлфайруз Есенқұлқызы жауап берді.

Білім беру үшін дәптер мен қаламсап жеткілікті болатын

BAQ.KZ: Алдымен жұмыс тәжірибеңізге аз-кем тоқталып өтсеңіз.

Гүлфайруз Есенқұлқызы: 1984 жылдан бері 25 жыл балабақша тәрбиеші болсам, қалалық білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбиелеу жөніндегі әдіскер қызметін атқарып жүргеніме 8 жыл болды.

BAQ.KZ: Совет Одағы кезінде жұмыс істеген маман ретінде ол кез бен қазіргі кездегі мектепке дейінгі мекемелердің жұмысында қандай айырмашылықтарды айта аласыз?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: 1990 жылдары жоғары оқу орындарында мектепке дейінгі білім беру факультеттері, сондай-ақ балабақшалар жабылды. Сөйтіп 2000 жылға қарай қайтадан ашыла бастады. Қазір балабақшаның өзінде бәрі цифрлық жүйеге көшуде. Білім, тәрбие беруге келсек: бұрын біз үшін білім беру үшін дәптер мен қаламсап жететін. Ал қазір мектепке дейінгі даярлық тобындағы балалар бірнеше оқулықпен жұмыс істейді.

Сөзді дұрыс жаза алмайтын тәрбиеші балаға не үйрете алады?

BAQ.KZ: Бірнеше оқулыққа сүйеніп жұмыс істесе де, ата-аналардың whatsapp-та ашқан тобына қарапайым кітап, дәптер, пластилин деген сөзді сауатты жаза алмайтын тәрбиешілер бар. Сөзді дұрыс жаза алмай, бір сөйлемде бірнеше қате жіберетін тәрбиешілер сабақ беруге құқылы ма? Олардың жұмысын кім қадағалайды?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында мектепке дейінгі мекемеде жұмыс істейтін мамандарға білім беретін мамандар тапшы. 1990 жылдары факультет жабылған соң бәрі басқа салаға кетіп қалды. Негізі, заң бойынша педагогикалық білімі бар кез келген маман балабақшада тәрбиеші бола алады. Ол география, биология, математика пәні мұғалімі болуы мүмкін. Олар өз пәні бойынша мықты маман болғанымен, сауатты жазу, дұрыс тәрбие беру жағынан ақсауы мүмкін. Сондықтан олар біліктілігін арттырып, 3 апталық арнайы курстардан өтеді. Үш аптада олар не үйрене алады? Өкінішке қарай, кадр тапшылығы болғандықтан балабақшаға осындай мамандарды алуға тура келіп жататын жағдайлар болады. Мүмкін тәжірибесіз маман «2-3 жасар бала не білуі керек?» деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде бүлдіршін сөйлеуді, қоршаған ортамен байланыста болуды, өз бетімен киіну-шешінуді, ойын анық жеткізуді осы балабақшада үйренеді. Демек, балабақшаның баланың өміріндегі рөлі өте зор.

Бала – ата-ана – педагог үшбұрышы

BAQ.KZ: Тәрбиешінің еңбегі немен өлшенеді?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: Тәрбиеші баламен де, ата-анамен де тіл табыса білуі керек. Педагогикада «Бала – ата-ана – педагог үшбұрышы» деген түсінік бар. Осы жүйемен жұмыс істей білу керек. Журналистің еңбегі жарыққа шыққан жақсы мақаласымен өлшенсе, тәрбиешінің еңбегі балаға берген тәрбиесімен, оның қабілетін байқап, оны дұрыс бағыттай білуімен өлшенеді. Мысалы, кейбір тентек, сөз ұқпайтын бала ақылды, тақпақты бірден жаттап алатын зерек болуы мүмкін. Кейбір бала қабілетті болғанмен, тұйық, ұяң болуы мүмкін. Тәрбиешінің міндеті – олардың болмысын ашу. Тіл алмайтын, ерке, әлдене болса жерге жата қалып жылайтын бала балабақшаға барған соң 100% өзгеріп кетуі мүмкін. Ол тәрбиешінің ата-анамен де байланыста болып, баламен де дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Осы үшбұрыш қағидасы сақталған жағдайда ғана нәтиже көруге болады.

BAQ.KZ: 5 жасар балалар мектепалды даярлық тобында оқиды. Олардың миы білім меңгеруге қаншалықты дайын болады?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: 5 жасар бала – ойын баласы. Дегенмен, білім беру стандарты бойынша осы жастан бастап әріп үйрету, мектепке дайындау керек. Демек баланың миы оған дайын деген сөз. Дегенмен, баланың ойнауға да уақыты болуы керек. Қазіргі ата-аналар 3 жасқа толғаннан бастап баласын әртүрлі үйірмелер, тіл курстарына береді. Кейде балаға тыныштық беріп, бала болу құқығын өзіне қалдырған дұрыс деп ойлаймын.

Даярлық тобындағы балаға оқулық сатып алу міндетті емес

BAQ.KZ: Мектепалды даярлық тобындағы балалар оқитын оқулықты ата-ана өз қаражаты есебінен сатып алуы қаншалықты заңды?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: Бұрын кітапсыз-ақ, дәптер, қаламсапты пайдаланып әріп үйреніп, білім беретінбіз. Қазіргі уақытта сол оқулықтарды міндетті түрлде алу туралы талап жоқ. Кейбір ата-ана «Баламызға кітап алынған жоқ, сонда олар не оқып, не үйреніп жатыр?» деп сұрайды. Ал кейбір ата-ана «Кітап алуға ақшамыз жоқ. Қажет болса, балабақша өзі алып берсін» деп айтады. Осындай жағдайда екі тараптың пікірі де дұрыс. Балабақшадағы педагог білікті маман болса, ол білім де, мотивация да бере алады.

BAQ.KZ: Ата-ана балабақша тәрбиешісінен не талап етуге құқылы?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: Ата-ана балабақша бөлмелеріне кіріп, баласы қандай жағдайда білім алып, тәрбиеленіп жатқанын өз көзімен көруге құқылы. Сонымен қатар, күнделікті қандай тамақ жейтіні туралы сұрауға, тұтынатын тамақтардың тізімі жазылған кестені талап етуге құқылы. Кейбір ата-ана келісімшартты оқымай тұрып, қол қоя салады. Ол келісімшартта бала балабақшадан шыққан жағдайда төленіп қойған төлемақысы қайтарылмайды деп жазылған болар? Неге басынан аяғына дейін оқып, келіспейтін жерлері болса сұрап алмасқа?

BAQ.KZ: Тәрибешілердің жалақысы еңбегіне сай ма?

Гүлфайруз Есенқұлқызы: Тәрбиеші алатын жалақының ең көп мөлшері 80 мың теңге. Кірпік жабыстырып, тырнақ бояйтындар одан бірнеше есе жоғары табыс табады. Тәрбиешілерге қойылатын талап – көп, бірақ жалақылары атқарған еңбектеріне сәйкес емес. Бұл салада өзі таңдаған саланы жақсы көретін, қызметіне адал мамандар жұмыс істейді деп ойлаймын, себебі мұндай жалақыға екінің бірі келісіп, жұмыс істеуге тәуекел ете алмайды.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы