Балабақшада сорпаға күйген балаға қатысты іс тоқтатылды

4 Ақпан 2020, 20:02
2021
Бөлісу:
Балабақшада сорпаға күйген балаға қатысты іс тоқтатылды

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Қалалық соттың судьясы Гүлмаржан Әділсұлтани айыпталушылар мен жәбірленуші тараптың өзара келісімге келуімен бұл істі тоқтатуға шешім шығарды.

Алты жастағы бүлдіршіннің үстіне ыстық сорпа төгілу дерегі 2019 жылдың наурыз айында тіркелген еді. Ақтау қаласындағы №43-ші балабақша ішінде ойнап жүрген қыз бала кенеттен дәлізге жүгіріп шыққан сәтінде қазан көтеріп келе жатқан тәрбиешінің көмекшісіне соқтығып қалады.

Осы мезетте болған жайт бөбекжай ішіндегі бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Темір қазан ішіндегі ыстық сорпа бүлдіршіннің беті, мойны мен аяқтарына төгіледі. Дәрігерлер ағзасының 30 пайызы күйіп қалған баланы алдымен қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде, кейін үйіне шығарып емдеді.

Шу шыққан балабақшаның қызметкерлері бірнеше рет науқас баланың жағдайын сұрап, жақындарына қаржылай көмек те берген көрінеді. Алайда, ол жеткіліксіз болып ата-анасы Ақтау қалалық білім бөлімінен бес млн теңге мен кінәлі
тұлғаларды қатаң жазалауды талап еткен.

Қалалық сотқа жазылған арыз негізінде бастапқыдан азаматтық іс қозғалып, нәтижесінде 800 мың теңге жәбірленушінің пайдасы өндіріліп алынды. Ал қылмыстық іске судья нүкте қойды.

Осы аталған іс бойынша сотталушылар толық өз кінәларын мойындап отырғандығы, сонымен қатар істеген әрекеттеріне өкініп отырғаны сотпен ескерілді. Татуласу жөнінде сотталушылар мен жәбірленушілерге мүмкіндік берілді, нәтижесінде жәбірленуші тарапынан кешірім жасалды. Сонымен қатар, мамандарды жұмысқа алу барысында бақылауға алып және үлкен жауапкершілікке қарау жөнінде Ақтау қалалық білім бөлімінің атына да жеке қаулы шығарылды. Балабақшаның меңгерушісі Юлдашеваның әрекетіне процессуальдық шешім қабылдау жөнінде қалалық прокуратураға жеке қаулы жолданады, - деді қалалық соттың судьясы Гүлмаржан Әділсұлтани.
Осы оқиғадан соң қалалық білім бөлімінің өкілдері әлгі балабақшада қызметтік тексерулер жүргізіп, меңгерушісі мен тәрбиешіден түсініктеме алған. Көп ұзамай тәрбиеші, оның көмекшісі және мейірбике жұмыстан қуылды.

Ал тоғыз ай бойы үзіліссіз емделген бүлдіршіннің жағдайы Нұр-Сұлтан қаласында жасалған күрделі отадан соң ғана жақсарған. Десек те, денесінде күйік іздері қалған 1-ші сыныптың оқушысы бүгінде мектепке барып жүр.

Өзгелердің жаңалығы