Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда «Ана тілі» орталығы балабақша тәрбиешілеріне мемлекеттік тілді оқыту курсын трамвайда өткізуде, деп жазады pavlodarnews.kz.
«Ана тілі» орталығының директоры Шолпан Кинжикова трамвайдағы мемлекеттік тіл курсына орыс тобы қатысып жатқанын айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін үйретуге арналған «Flash тренинг» жобамызды өткізіп отырмыз. Арасында осы форматта сабақ өткізсек деген идеямыз болған. Оны «Nur Otan» партиясы, трамвай басқармасы және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қолдады. Енді кейбір сабақтарымыз осылай өтіп отыратын болады. Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы – қала. Курсқа қатысушылар өткен тақырыптарды қайталай отырып, қаланы аралап танысады және сурет арқылы көргендерін жеткізеді. Кейін өз ойларын жазады. Бұл қатысушылар тәрбиешілер болғандықтан, олар үшін балаларға сурет арқылы сабақ беру оңайырақ. Бұл ойлау және сөйлеу қабілеттерін жетілдіретін шығармашылық сабақтар десе де болады», - деді Шолпан Кинжикова.
Шолпан Кинжикованың айтуынша, «Flash тренинг» жобасы аясында 10-15 адамнан тұратын 2 топ қазақ тілін үйренуде. 2 айлық курс барысында аптасына 3-4 сабақ өткізіледі.
«1,5 ай бойы курс арқылы үйренгенім көп. Мұнда үйренгенімізді тәжірибе жүзінде қолданамыз. Бұл кабинеттен тыс бірінші сабағымыз. Мемлекеттік тілді меңгеруде көмегі зор. Курсқа дейін де қазақ тілін аздап білгенмін. Балаларым 3-сыныпта оқиды. Жұмыстан бөлек, оларға сабақ орындауға көмектесу барысында да қазақ тілі керек болады. Осы курс арқылы сөздің жалғауларын дұрыс жалғап үйреніп, жұмыстағы сөздік қорым көбейді. Балабақшадағы менің тобымда 28 бала бар. Біз оларға 3 тілде тәрбие беру керекпіз. Курстың көмегімен балалармен қазақ тілінде жұмыс жасауды үйреніп келемін» , - деді Евгения Зайцева.